Қазақстан Ақтау қаласы маңында болған ұшақ апатына қатысты тергеудің қорытындысын алдағы бірнеше ай ішінде жариялауды жоспарлап отыр. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Оның айтуынша, тергеу барысында барлық қажетті техникалық сараптамалар жүргізілген. Атап айтқанда, GPS треккерлер, навигациялық жүйелер және әуе кемесін өндірушілердің мәліметтері толық зерттелген.
Қазіргі таңда қорытынды есеп дайындалып жатыр және ол комиссия құрамындағы барлық тараптармен келісілмек. Тергеуге Қазақстан, Әзербайжан және Ресей сарапшыларымен қатар, Embraer компаниясы мен халықаралық ұйым өкілдері де қатысуда.
Бозымбаевтың сөзінше, жақын айларда апаттың техникалық себептері бойынша ресми қорытынды жарияланады. Ал құқықтық тұрғыдағы бағалау Бас прокуратура тарапынан беріледі. Сонымен қатар Ресейдің құқық қорғау органдары да өз қорытындысын ұсынуы тиіс.
Вице-премьер атап өткендей, Көлік министрлігінің арнайы комиссиясы апаттың барлық себеп-салдарын жан-жақты зерттеп, толық баяндама әзірлейді. Онда ұшақтың құлау себебі, зақымдану факторлары және келтірілген шығын толық көрсетіледі.
Еске сала кетейік, 2024 жылғы 25 желтоқсанда AZAL әуе компаниясының Баку-Грозный бағыты бойынша ұшқан жолаушылар ұшағы Ақтау қаласынан 3 шақырым жерде апатқа ұшыраған. Алдын ала деректер бойынша, борттағы 67 адамның 38-і қаза тауып, 29-ы түрлі жарақат алған.