Ақтауда пластикалық операциядан кейін қайтыс болған Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Ербол Айтуовтың өліміне қатысты іс бойынша жаңа мән-жайлар айтылды, деп хабарлайды kznews.kz.
Марқұм Ақтаудағы "Қасиет" медициналық орталығына пластикалық операция жасату үшін барған. Алайда наркоз берілгеннен кейін оның жағдайы күрт нашарлап, комаға түскені хабарланды. Бір айдан кейін Ербол Айтуов облыстық ауруханада көз жұмған.
Марқұмның отбасының адвокаты Алдырза Қуанышкереев операция алдындағы медициналық тексеру толық жүргізілмеген болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Сондай-ақ оның айтуынша, анестезияға ресми келісім алынбауы ықтимал және клиниканың лицензиясына қатысты да бірқатар сұрақ бар.
Адвокат тағы бір маңызды жайтты атап өтті. Оның сөзінше, марқұмның денесі туыстарына сот-медициналық сараптамасыз берілген. Сондықтан нақты өлім себебін анықтау үшін эксгумация жүргізу қажет болуы мүмкін.
Ал "Қасиет" медициналық орталығы өздеріне тағылған айыптарды жоққа шығарды. Клиника өкілдерінің мәліметінше, операция мүлде басталмаған. Себебі наркоз енгізілгеннен кейін пациенттің қан қысымы күрт көтеріліп кеткен. Кейін ауруханада оған инсульт диагнозы қойылғаны айтылды.
Қазір бұл оқиғаның нақты мән-жайы тергеу барысында анықталып жатыр. Іс прокуратураның бақылауына алынған.