Үкіметте салық төлеушілер туралы барлық негізгі ақпараттар, соның ішінде жылжымайтын мүлік, көлік, жер учаскелері, қаржылық операциялар және валюталық бақылау шеңберіндегі халықаралық мәмілелер және тағы да басқалары жинақталған Big Data бірыңғай аналитикалық платформасы туралы айтылды, деп хабарлайды kznews.kz.
Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Big Data бірыңғай аналитикалық платформасы 74 дереккөзден алынған мәліметтерді біріктіреді. Онда салық төлеушілер туралы барлық негізгі ақпараттар, соның ішінде жылжымайтын мүлік, көлік, жер учаскелері, қаржылық операциялар және валюталық бақылау шеңберіндегі халықаралық мәмілелер және тағы да басқалары бар. Аналитикалық құралдар 2025 жылы 700 млрд теңгеден астам салық пен төлемдердің қосымша түсімдерін қамтамасыз етті және бақылаудың нақтылығын арттырды.
Тапсырылған салық декларациялары мен берілген шот-фактуралар ашықтыққа жол ашып, заңсыз схемаларды қолдану белгілерін анықтауға қосымша мүмкіндік береді. Мысалы, Астанада кассалық тәртіпті бұзған салық төлеушілерді іріктеу жөніндегі жаңа сервисті пилоттық жоба ретінде енгізу нәтижесінде 121 мың салық төлеушінің 55,9 мыңы заң бұзғаны анықталды.
Қаржы министрлігінің басшылығы нақты мысалдар келтірді.
"Астанада қоғамдық тамақтану орындарының бірінің иесі берілген чектердің жүзеге асырылған тапсырыстар санына сәйкес келмеуіне байланысты тәуекелді салық төлеушілер тізіміне енді. Қорытындысы бойынша кәсіпкер заң бұзушылықтарды мойындап, қосымша декларация тапсырды. Маңғыстау облысындағы энергетикалық компанияның қызметін талдау барысында сатып алынған құбырлар құнының алдын ала 16,9 млрд теңгеге артқанын көрсетті. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Дәл осы өңірде ЖШС-да салық төлеуден жалтару схемасын құруды куәландыратын бірқатар елеулі сәйкессіздік анықталды. Атап айтқанда, ЖК жеткізуші-контрагенттердің басым бөлігі ЖШС-ның IP-мекен жайынан есеп берген, кейбір ЖК бас тапсырыс берушінің қызметкерлері болып саналады және тағы басқалар. Алматыда жайлы мектептер салуға мемлекеттік келісімшарттар алу барысында жалақыны едәуір көтеру анықталды. Мәселен, нысандардың бірін салу кезінде ЖШС басшысының жалақысы 131,5 млн-ға дейін өскен, бұл құрылыс шығындарының әдейі ұлғаюы мүмкін екенін көрсетеді. Аталған факт бойынша тексеру жүргізіледі", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар жалған электрондық шот-фактураларды жазып беру белгілері бар салық төлеушілерге қатысты биометриялық сәйкестендіру модулін енгізу нәтижесінде 17,4 мың тәуекелді кәсіпорын анықталды. 30 млрд теңгеге ЭШФ заңсыз шығару мүмкіндігі тоқтатылған.
Цифрлық теңге бойынша ҚҚС-ны ашық және бақыланатын қайтаруды қамтамасыз ететін «Цифрлық ҚҚС» модулін іске қосу маңызды қадам болып отыр.
«Валюталық бақылау» екінші деңгейдегі уәкілетті банктер жүргізетін төлемдер туралы мәліметтерді алу үшін Ұлттық Банктің ақпараттық жүйесімен интеграцияланған.
Халықаралық ұшуларды модельдеу жолаушылар ағынына алдын ала талдау жүргізуге және жеке тұлғалар мен тауарлардың қозғалыс заңдылықтарын белгілеуге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, бүгінгі таңда ЭЫДҰ (CRS) шеңберінде 80 елмен, АҚШ-пен (FATCA) және ТМД-мен (5 ел) резиденттердің кірістері мен шетелдегі мүліктері туралы мәліметтерді автоматты түрде алмасу бойынша халықаралық интеграциялар бар. Қабылданған шаралардың нәтижелері бойынша шамамен 6 млрд теңге көлемінде салық түсімі қамтамасыз етілді.