23 маусымда Алматы–Шелек–Қорғас тасжолында Haval мен Audi 100 көліктері соқтығысып, үш адам қаза тапты. Олар ерлі-зайыпты мен олардың қызы. Қайғылы оқиға жолдың 132-шақырымында болған. Полицияның алдын ала мәліметінше, Haval көлігі қарсы бағытқа шығып, Audi-мен соқтығысқан. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, Haval жүргізушісі қамауға алынған, деп хабарлайды kznews.kz.
Қазір күдіктінің туыстары істің тергелуіне қатысты күмән келтіріп отыр.
Олардың айтуынша, көлікті полиция майоры Абылай Жарылқасынов басқарған. Ал Айдар Уристембаев жол апаты кезінде көлікте ұйықтап жатқанын айтқан. Туыстарының сөзінше, Айдар құрылыс саласында жұмыс істейтін қарапайым азамат және жол апатына кінәлі емес.
Отбасы өкілдері тергеу кезінде көлікте болған адамдардың әрқайсысының әрекеті толық тексерілуі керек деп санайды. Олар көлікті апат кезінде нақты кім басқарғанын анықтауды сұрап отыр.
Сондай-ақ туыстарының айтуынша, қаза тапқандардың жақындары да Айдардың кінәсіз екеніне сенеді.
Бұған дейін қаза болғандардың туыстары әлеуметтік желіде жол апатына Haval көлігін басқарған құқық қорғау органы қызметкері себеп болғанын мәлімдеген. Олар жүргізуші мас болған деп те айтқан. Алайда полиция бұл ақпаратты ресми түрде растаған жоқ.
Полицияның ресми нұсқасы бойынша, Haval жүргізушісі қарсы жолаққа шығып, Audi көлігімен соқтығысқан. Үш адам – Audi жүргізушісі мен екі жолаушы оқиға орнында қаза тапқан. Қазір тергеу жалғасып, жол апатының барлық мән-жайы анықталып жатыр.
"Мас полицей жазадан құтылып кетпекші. Кінәні көлікті жүргізбеген қарапайым жігітке жаппақшы. Қарындасы маған хабарласып, тергеушілер оны осылай қорқытқанын айтты. Ол құрылысшы, отбасын асырап отырған жалғыз адам", - дейді құқық қорғаушы Ұлан Әубәкіров.
Күдіктінің туыстары істің сотта жан-жақты қаралып, барлық дәлелдің ескерілуін талап етеді. Олар полицей қызметтік жағдайы мен байланысын пайдаланып, жаздан құтылып кете ме деп қорқады. Сот отырысы 4 қыркүйекке белгіленген.