Алматы – Қорғас тасжолында үш адамның өмірін қиған жол апатына кінәлі деп танылған бұрынғы полиция қызметкері Абылай Жарылқасынұлы 10 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды kznews.kz.
Сот үкімімен 37 жастағы айыпталушыдан қаза тапқандардың отбасының пайдасына 29 миллион теңге өндірілетін болды.
Қайғылы жол апаты 23 маусымда Алматы – Қорғас тасжолының 132-шақырымында болған.
Тергеу мәліметіне сәйкес, Haval автокөлігінің жүргізушісі қарсы бағытқа шығып кетіп, Audi 100 көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан Audi жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында көз жұмған.
Көлікте болған 14 және 18 жастағы екі бала мен 10 айлық сәби түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген.
Қаза тапқандардың туысы Гүлзана бұған дейін әлеуметтік желіде Haval көлігін полиция қызметкері мас күйінде басқарғанын мәлімдеген. Кейін жүргізушінің қанынан алкоголь анықталғаны хабарланды.
Апатта Гүлзананың 40 жастағы әпкесі, оның 41 жастағы күйеуі және 19 жастағы қызы қаза тапқан. 19 жастағы бойжеткеннің артында 10 айлық Дильнара есімді қызы қалды.
Марқұмдардың туыстары сот үкімін әділ деп санайтынын жеткізді.