Қоғам

Алматы облысында иттерден зардап шеккен баланың анасы әділдік талап етуде

Алматы облысында иттерден зардап шеккен баланың анасы әділдік талап етуде

30 маусым күні Жалпақсай ауылындағы футбол алаңында болған төбелескіш иттердің 10 жастағы балаға шабуыл жасаған оқиғасы жалғасын тапты. Бүгін зардап шеккен баланың анасы Екатерина Бурмистрова журналистерге қайғылы жағдайдың егжей-тегжейін айтып берді.

«Бұл жерді олар “орманша” деп атайды. Ұлым дуалға арқасын беріп, балалармен сөйлесіп отырған. Ал достары – дуалға қарап отырған. Бір кезде олардың қаша жөнелгенін көріпті, бірақ не болғанын түсінбей қалады. Тек “Көмектесіңдер!” деп айқайлауға ғана үлгеріп, иттер оған тап берген. Жыртып тастады – қолы, кеудесі, жүзі түгел жарақаттанған. Кейін оны ауруханаға алып кетті. Ота төрт сағатқа созылды», – дейді анасы.

Тұрғындардың айтуынша, иттер корейлік оңалту орталығының аумағында, тозығы жеткен қоршаудың ішінде ұсталған. Ауыл тұрғындары бірнеше рет әкімдікке шағымданғанымен, еш нәтиже болмаған.

Баланы құтқарған ауыл тұрғынына қоқан-лоққы жасалып жатыр

Сахайбек Серікбек – дәл сол сәтте жанынан табылып, баланы аман алып қалған азамат. Ол болған жайтты былай баяндады:

«Құлағы жоқ сияқты болды. Аузы қанға толып кеткен. Маған қарап, әлдене айтты… есімде жоқ. “Көмектесіңізші” деді. Баланы аяп кеттім. Бір ит аяғынан ұстап, шайнап жатыр. Питбульді бірінші болып пышақтадым. Ал овчарка иығынан сүйреп жатты – баланың үстінен секіріп өтіп, соны да шаптым», – дейді ол.

Алайда қазір оған иттердің иелері қысым көрсетіп, «қымбат тұратын екі итті өлтірдің» деп төлеуді талап етуде:

«Айтуларынша, иттері бағалы екен. Мен төлеуім керек дейді. Ал енді, басқа не істеуім керек еді? Бала өліп жатса қарап тұруым керек пе?»

Жергілікті тұрғындар балалардың амандығына алаңдаулы

Оқиға орнына жақын маңда балабақша орналасқан. Ауыл тұрғындары қатты алаңдаулы:

«Бізге тек бір ғана нәрсе керек – балаларымыздың қауіпсіздігі мен әділдік», – дейді олар.
Олардың айтуынша, оңалту орталығының өкілдері тек құтқарушыға емес, зардап шеккен баланың отбасына да қоқан-лоққы көрсетуде.

Зардап шеккен баланың отбасы – әлеуметтік жағдайы төмен

Белсенділердің айтуынша, Екатерина – бес баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ана. Бір қызы қайтыс болған, бір ұлы – бірінші топтағы мүгедек. Қазір олар жалдамалы үйде тұрады.

«Бүгін ұлын Каскелендегі жансақтау бөлімінен Грызыдағы облыстық ауруханаға ауыстырды. Екатерина ұлының жанында тәулік бойы отырды, қазір оны әпкесі ауыстырды. Әйел қатты шаршаған, физикалық әрі моральдық жағынан өте қиын жағдайда», – дейді еріктілер.

Қоғам қолдауға кірісті

Ауыл тұрғындары мен еріктілер отбасыға көмек көрсету үшін бастамашыл топ құру туралы шешім қабылдады. Олар орталық иелері істі жауып тастауға тырысуы мүмкін деп қауіптенуде:

«Біз олар қорқытып, ақшамен жабуға тырысуы мүмкін деп ойлаймыз. Мұны болдырмауға тырысамыз», – деді белсенділер.

Алдағы күндері ауылдық саябақта бастамашыл топтың кездесуі өтпек. Онда еріктілер, тұрғындар мен жанашыр азаматтар отбасыға көмектесу және қауіпті иттерді бақылаусыз ұстау мәселесін талқыламақ.

Полиция тергеу жүргізуде

Алматы облыстық Полиция департаменті бұл оқиға бойынша кәмелетке толмаған балаға ауыр дене жарақатын келтіру фактісімен қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

«Куәгерлерден жауап алынуда, қажетті сараптамалар тағайындалды. Тергеу шаралары толық көлемде жүргізіліп жатыр. Нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz