Үкімет Жоғары аудиторлық палатаның еліміздегі жатақхана тапшылығы туралы есебіндегі мәліметті жоққа шығарды, деп хабарлайды kznews.kz.
Бұған дейін ЖАП төрағасы Әлихан Смайылов «33 мың орын тапшы» екенін мәлім етсе, ал премьер-министр Олжас Бектенов депутаттық сауалға жауап бере отырып, шын мәнінде 10 мың студентке тұратын жер жетпей жатыр дейді. Екі ресми органның берген мәліметінде өте үлкен алшақтық бар.
Үкіметтің депутаттар жолдаған сауалға жауабында жазылғандай, Қазақстанда студенттерді жатақханамен қамту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылыпы келеді. Үкімет пен тиісті министрліктер бұл мәселені бірнеше бағыт бойынша шешіп жатыр.
Орын тапшылығы 83,6%-ға қысқарды
2018–2025 жылдар аралығында елімізде 72 125 орындық 281 жатақхана салынды және жаңартылды. Оның ішінде 182-сі жоғары оқу орындары, ал 99-ы колледж студенттеріне арналған. Осының арқасында орын жетіспеушілігі едәуір азайды. 2018 жылы 61,4 мың орын жетпеген еді, 2026 жылдың басында 10,1 мың орын тапшылығы тіркелді. Жоғары аудиторлық палата айтқан «33 мың орын тапшы» деген ақпарат тексеріс барысында расталған жоқ.
Биыл тағы 6 857 орынға арналған 18 жатақхана пайдалануға беріледі.
Студенттерді тіркеуге арналған «StudDom» жүйесі енгізіледі
Студенттердің жатақханаларда қалай орналасқанын бақылау және жалған мәліметтерді болдырмау үшін бірыңғай цифрлық платформа жасалып жатыр. «StudDom» ақпараттық жүйесі Жоғары білім берудің бірыңғай платформасымен және университеттердің базаларымен біріктіріледі. Жыл аяғында жүйе толық іске қосылады.
Жатақханасы жоқ оқу орындарына талап күшейеді
Мемлекет тарапынан білім ордаларына талап күшейтілді. Заң бойынша, кез келген жоғары оқу орны мұқтаж студенттерді 100% тұрғын үймен қамтамасыз етуге міндетті. Егер университет немесе колледж студенттерін тұратын жермен қамтамасыз етпесе, бұл олардың қызметіндегі «өрескел бұзушылық» деп танылып, оқу орны лицензиясынан айырылуы мүмкін.
Инвесторларды қолдау: Мемлекет ақшаны қалай қайтарады?
Жатақхана салатын немесе ғимараттарды қайта жөндейтін инвесторларға мемлекеттік қолдау көлемі артты.
Мемлекеттік тапсырысты өтеу мерзімі 8 жылдан 6 жылға қысқарды, ал төлем мөлшері әр студент үшін 144 АЕК-тен 230 АЕК-ке дейін өсті. Басқа өңірлерде жатақхана салуға төлем 122 АЕК-тен 195 АЕК-ке дейін ұлғайды. Алматыда ғимаратты жатақхана етіп қайта жасау үшін төлем 92 АЕК-тен 182 АЕК-ке дейін өсті. Қазіргі уақытта Алматыда Азия даму банкімен бірлесіп, Сәтбаев университеті үшін 3 972 орындық 5 жатақхана салынып жатыр.
Жатақхана құрылысы басым инвестициялық жобалар қатарына енгізілді. Инвесторлар жер учаскелерін мемлекеттен тегін немесе өте қолайлы шарттармен ала алады. Орын тапшылығы негізінен тек Алматы қаласында ғана сақталып отырғандықтан, бұл көрсеткішті басқа өңір әкімдіктерінің жұмысын бағалау критерийлеріне енгізудің қажеттілігі жоқ деп шешілген.
Жатақханалар мен оқу орындары жалдайтын хостелдерде қауіпсіздік ережелері қатаң тексеріледі. Онда келесі талаптардың сақталуы міндетті:
Дабыл түймелері мен бейнебақылау камераларының болуы;
Санитарлық-эпидемиологиялық талаптар мен өрт қауіпсіздігі ережелерінің мүлтіксіз орындалуы;
Өрттен қорғаудың заманауи құралдарының орнатылуы.
Үкімет осы мәселелер мен атқарылып жатқан жұмыстар тікелей бақылауына алғанын хабардар етті.