Қырғызстанның Ош облысына қарасты Ноокат ауданында 21 жастағы Айжаныл Аликараеваның жұмбақ жағдайда қайтыс болуы қоғам назарын аударды. Марқұмның отбасы арада төрт ай өткен соң мәйітті эксгумациялауға қол жеткізген, деп хабарлайды kznews.kz.
Қайғылы оқиға 19 ақпанда болған. Қыздың туыстары алғашқы сот-медициналық сараптама қорытындысына күмән келтіргеннен кейін мәйітті қайта тексеруді талап еткен.
Алғашқы сараптамада марқұмның жүкті болмағаны көрсетілген. Алайда әпкесі Уулча Орунбаеваның айтуынша, Айжаныл қаза болар алдында анасына аяғы ауыр екенін дәлелдейтін фото және бейнежазбалар жіберген.
Туыстарының мәлімдеуінше, эксгумация кезінде марқұмның кейбір ішкі ағзаларының жоқ екені анықталған. Анасы қызының жатыры мен бір бүйрегінің орнында болмағанын айтып, олардың қайда кеткенін анықтауды талап етіп отыр.
Күйеуінің туыстары жас келіншек өзіне қол жұмсағанын мәлімдеген. Алайда марқұмның жақындары бұл нұсқаға сенбейді. Олар Айжанылдың өліміне зорлық-зомбылық себеп болуы мүмкін деп күдіктенеді.
Отбасы істің төрт ай бойы сотқа жетпегеніне наразылық білдіріп, оқиғаның барлық мән-жайы жан-жақты әрі әділ тергелуін сұрады.
Полиция өкілдері іс бойынша түпкілікті құқықтық баға комиссиялық сот-медициналық сараптаманың қорытындысы дайын болғаннан кейін берілетінін хабарлады.