Бір күні таныс психиатр-дәрігер адам түршігетін жайсыз әңгіме айтты. Кезінде бүкіл республикамызға белгілі болған биші, әнші әрі киноактриса көрікті әйелдің атын атады. Қазақ ССР халық әртісі, бірнеше фильмде ойнаған. Кезінде атақты бір фильмде Шәкен Аймановтың ғашық жарын бейнелеген.
Көрікті актриса бірден есіме түсті. Білетінімді айттым.
– Білсең, сол, – деді дәрігер. – Қазір ол аянышты күйде. Қатты ауырады. Бізде жатыр. Аздап ақылынан шатасқан. Біздің аурухана басшылары осы кісіні мединститут студенттеріне аурудың мысалы етіп көрсетіп, кезінде халық әртісін экспонат қылды. Орталық комитеттесіңдер ғой. Бірдеңе демейсіңдер ме? – деді дәрігер.
Бұл оқиғаны жазушы "Тұйық өмірдің құпиясы" деген кітабында баяндайды. Әңгімеге қарағанда, оқиға 1969-1975 жылдар аралығында болған. Өйткені Бекежан Тілегенов ол кезде Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінде қызмет еткен. Әңгіменің жалғасын тыңдаңыздар.
Қатты намыстанған Тілегенов оқиғаны өзінің бастығына барып баяндайды. Ана дәрігерлердің бассыздығына тоқтау салуды сұрайды. Бастық уәде береді. Бірақ уәде орындалмайды.
Тілегенов бір жұмадан соң таныс дәрігерге қоңырау шалып, әртістің ахуалын сұрайды. Дәрігер одан бетер мұңайып:
– Орыстар мен еврейлер биші апамызды әлі күнге дейін лекцияларына зорлап әкеліп, мысал ретінде үлгі қылып, бұрышқа тұрғызып қояды, – дейді.
Кейін ауруханада қорлыққа ұшыраған әртіске Орталық комитеттен ешкім араша түспегені белгілі болды, – дейді Тілегенов.
Бекежан Тілегенов кітабында актрисаның атын атамайды. Шәкен Аймановпен бір кинода ойнаған бишінің кім екенін ашып жазбайды. Кім болды екен? Бұл маған да жұмбақ.
Журналист Нұрбек Түсіпханның Instagram парақшасынан алынды.