Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдап, 2026 жылдың қаңтар–маусым айларындағы елдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын қарады. Сондай-ақ Президент экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жоспарлармен танысты, деп хабарлайды kznews.kz.
Үкімет басшысы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы 4,1 пайызға өскенін баяндады. Өңдеу өнеркәсібі 9,8 пайызға, құрылыс 15,2 пайызға, көлік саласы 7,1 пайызға ұлғайған. Сонымен қатар сауда көлемі 5,7 пайызға, ауыл шаруашылығы 4,4 пайызға, байланыс қызметі 4,3 пайызға артқан.
Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 9,5 триллион теңгеге жетсе, жеке инвестициялар 21,4 пайызға өскен.
Олжас Бектеновтің айтуынша, биыл өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 1,7 триллион теңгені құрайтын 200 инвестициялық жоба іске қосылып, 17 мың жаңа жұмыс орны ашылады.
Президентке ірі автожол жобаларының орындалуы, Астанада екінші әуежай салу және Tarlan Astana көлік жүйесін дамытудың келесі кезеңі туралы да баяндалды. Биыл пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемі 20 миллион шаршы метрге жетпек.
Ауыл шаруашылығы саласында өндіріс көлемін 15 триллион теңгеге жеткізу және егістік алқаптарын 23,8 миллион гектарға дейін ұлғайту жоспарланған. Шаруаларды қолдауға 1 триллион теңге бөлініп, бұл қаржының әрбір теңгесі 6,5 теңге жеке инвестиция тартуға мүмкіндік берген.
Кездесуде халық табысын арттыру жөніндегі кешенді жоспардың орындалуы мен инфляцияны төмендету шаралары да қаралды. Маусым айының қорытындысы бойынша жылдық инфляция 10,3 пайызды құрады.
Премьер-министр әлеуметтік және көші-қон саясатын жетілдіру нәтижелері туралы есеп беріп, әлеуметтік қолдау жүйесін жұмыспен қамтуға ынталандыру тетіктері арқылы күшейту жолдарын таныстырды. Кейбір әлеуметтік төлемдерді оңтайландыру нәтижесінде бюджет жыл сайын 800 миллиард теңгеден астам қаржы үнемдейді.
Жылыту маусымына дайындық мәселесіне ерекше назар аударылды. Өткен маусымның қорытындысы бойынша бес жылу электр орталығы жоғары тәуекелдің «қызыл» аймағынан шығарылып, оның үшеуі «жасыл» аймаққа ауыстырылған. Биыл 9 энергия блогы, 55 қазандық және 51 турбина жөнделеді. Бұл жұмыстарға 384 миллиард теңге бөлінген. Ал «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жыл соңына дейін 12 мың шақырым инженерлік желі жөнделмек.
Президентке цифрландыру және жасанды интеллект инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмалардың орындалуы туралы да ақпарат берілді. Олжас Бектенов «Деректерді өңдеу орталығы алқабы» жобасы аясында әлемдік ІТ компанияларымен бірлесіп қуаты 250 мегаватт болатын инфрақұрылым салынатынын айтты. Жобаға тартылған шетелдік инвестиция көлемі 10 миллиард доллардан асқан.
Кездесуде туризмді дамыту мәселесі де талқыланды. Алматы тау кластерін дамыту жобасы туризмнің экономикадағы үлесін арттыруға бағытталған. Almaty SuperSki кешенінде ұзындығы 60 шақырым болатын шаңғы трассалары салынуда. Жоба толық іске қосылғанда тәулігіне 10 мың адамға дейін қабылдай алады. Нысанды пайдалануға беру 2028 жылдың желтоқсанына жоспарланған. Сондай-ақ Қазақстанның «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық жарысын өткізуге дайын екені айтылды.
Мемлекет басшысына жаңа Конституция аясында жүзеге асырылып жатқан реформалардың барысы туралы да баяндалды. Атап айтқанда, заңнаманы Конституция талаптарына сәйкестендіру, «Әділетті Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» қағидаттарын нығайту, Алатау қаласын дамытуға құқықтық негіз қалыптастыру және «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке елдің тұрақты экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған жұмысты жалғастыруды тапсырды. Президент әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды салуға арналған ауқымды бағдарламаны іске қосуды міндеттеп, заманауи денсаулық сақтау нысандарының құрылысына ерекше назар аударуды тапсырды.