2026 жылғы 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Ирандағы бірқатар әскери нысандарға соққы жасағанын мәлімдеді. Ал Иран бұған жауап ретінде Израильге және өңірде америкалық базалар орналасқан мемлекеттерге зымырандар мен дрондар ұшырылғанын хабарлады, деп хабарлайды Kznews.kz.
АҚШ пен Израиль тарапының дерегінше, соққылар Иранның 31 провинциясының 24-індегі зымыран базалары мен өзге де әскери инфрақұрылым нысандарына бағытталған. Тегеран бұл әрекетті «заңсыз әрі арандатусыз шабуыл» деп атап, жауап соққыларының Израильмен қатар, Парсы шығанағы аймағындағы америкалық әскер орналасқан елдерді де қамтығанын жеткізді.
Қақтығыстың салдары өңірлік логистикаға да әсер етті: бірқатар елде әуе қатынасы шектеліп, кей әуежайлардың жұмысы уақытша іркіліске түскені айтылды. Кей мемлекеттерде әуе қорғанысы жүйелері іске қосылып, қауіпсіздік мақсатында эвакуация шаралары жүргізілгені туралы ақпарат тарады.
АҚШ президенті Дональд Трамп операцияның нәтижесіне тоқталып, Иранға келген залалды қалпына келтіру ұзаққа созылуы мүмкін екенін айтқан.
«Біз оларға орасан зиян келтірдік. Қалпына келуіне жылдар керек болады», – деді ол NBC News телеарнасына берген сұхбатында.
Сонымен бірге Axios-қа берген сұхбатында жағдайды әрі қарай өршітпеудің ықтимал жолдарын сөз етіп:
«Мен ұзақ жолды таңдап, бәрін толық бақылауға ала аламын немесе екі-үш күнде аяқтап, ирандықтарға: “Бірнеше жылдан кейін көрісерміз, егер қайтадан ядролық бағдарламаңызды жандандыра бастасаңыздар”, – деп айта аламын», – деді.
Израильдің бірқатар медиасы Иран аумағында кең ауқымды әуе операциясы жүргенін, жүздеген ұшақтың қатысқанын және көптеген нысанның көзделгенін жазды. Сондай-ақ израильдік тарап Ираннан Израиль бағытына 200-ден астам зымыран ұшырылғанын, құрбандар мен жарақат алғандар барын хабарлаған.
Иран ақпарат құралдары да жауап шабуылдарының бірнеше толқынмен жүргенін, зымырандармен қатар дрондар қолданылғанын жазады. Иран Қызыл Жарты ай қоғамы қаза тапқандар мен жараланғандар жөнінде дерек келтіріп, азаматтық нысандардың да зардап шеккенін мәлімдегені айтылды.
Осы аралықта Иранның жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеи қаза тапқаны туралы ақпарат та тарады. Кей дереккөздер мұны бастапқыда жоққа шығарғанымен, кейін АҚШ президенті мәлімдеме жасап, артынан Иранның бірқатар агенттігі бұл деректі растағаны жөнінде хабарлар шықты. Сонымен қатар елде аза тұту жарияланып, қосымша демалыс күндері енгізілгені де айтыла бастады.
Қақтығыс Таяу Шығыстағы қауіпсіздік ахуалын күрделендіріп, әуе кеңістігіндегі шектеулерді күшейткені айтылуда: көптеген әуе компаниясы кей бағыттарды уақытша тоқтатып, рейстер қайта жоспарланған. Бұған қоса, Иран Ормуз бұғазын жапқанын мәлімдегені туралы ақпараттан кейін мұнай нарығында баға өсімі болуы мүмкін деген болжамдар жиілей түсті.