Қасым-Жомарт Тоқаев "Таза Қазақстан" акциясы кезіндегі жастармен кездесуінде еліміздің әлеуметтік саясатына қатысты сындарлы ой қозғады. Президент өз сөзінде Қазақстанды әлеуметтік мемлекет деп атап, азаматтарға көрсетілетін әлеуметтік қолдау туралы айтты. Ол сондай-ақ, елімізде мүгедектер санының көбейіп отырғанынан тоқталып, бұл бағытта заң бұзушылық көп тіркелгенін тілге тиек етті.
- Әлеуметтік салада, әсіресе, түрлі деңгейдегі мүгедектікті айқындаған кезде әлі де заңды белден басу фактілері кездесетінін осыдан-ақ аңғаруға болады. Біз кездері мүгедектігі бар жандар 800 мыңнан асып кетті, ал халық саны 20 миллион. Бейбіт заманда бұған сену қиын. Жазушы Чеховтің сөзімен айтсақ, "Бұлай болмауға тиіс, өйткені олай болуы ешқашан мүмкін емес..." -деді Тоқаев.
Президент аузымен айтылған мәселеге орай kznews.kz порталы еліміздегі әлеуметтік қорғау, оның ішінде мүгедектік жағдайларына қатысты зерттеу жасап көрді.
Жалпы, Мемлекет басшысының әлеуметтік саладағы жеңілдіктерді теріс пайдалану туралы сөзінен кейін қоғам назарын қайтадан осы мәселеге аударуы заңдылық. Алайда, бұл жерде бір нәрсені нақтылап алған жөн сияқты. Дерек бойынша Қазақстандағы мүгедектігі бар адамдардың жалпы саны мен мүгедектігі бойынша жәрдемақы алушылардың саны бірдей емес. Ашық дереккөздердегі мәліметке қарағанда, 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша елде 760,6 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тіркелген. Оның 637,5 мыңы ересек адам, 124 мыңы балалар. Ересектердің ішінде 88,5 мыңы I топтағы, 269,6 мыңы II топтағы және 279,4 мыңы III топтағы мүгедек санатын алған. Ал еңбекке қабілетті жастағы адамдардың үлесі 70,2 пайыз немесе 534,7 мың адамды құраған.
Тағы да цифрға жүгінсек, 2026 жылғы 1 - ақпанда мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылар саны 545,9 мың адам болған. Бұдан бөлек, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі арқылы еңбек ету қабілетінен айырылғаны үшін 86,2 мың адам әлеуметтік төлем алған.
Демек, жоғарыда айтылған 760 мың адамның барлығы бюджеттен бірдей жәрдемақы алып отыр деген түсінік қалыптастыру дұрыс емес.
Екіншіден, мүгедектікке не себеп болып отыр деген заңды сұрақ туады. Яғни, мәселенің ең қызық тұсы алғашқы рет мүгедектік белгіленген адамдардың диагноздары туралы болса керек.
Статискаға қарағанда 2026 жылдың алғашқы сегіз айында 38 481 адамға алғаш рет мүгедектік мәртебесі белгіленген. Оның ішінде 27 509 ересек адам, және 18 жасқа дейінгі 10 956 бала бар екен. Әрі бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,3 пайызға өскен.
Талдау деректері бойынша ересектер арасында алғашқы мүгедектіктің негізгі себебі ретінде қатерлі ісік дерті аталады. Оның үлесі 30 пайызға жеткен. Екінші орында қан айналымы жүйесінің аурулары тұр, үлесі 25,3 пайызды құрайды. Яғни, жаңа мүгедектік жағдайларының 55,3 пайызы осы екі ірі аурулар тобына тиесілі. Үшінші орында әртүрлі жарақаттар тұр, олардың үлесі 6,9 пайыз.
Әлбетте, бұл жерде Президент көтерген мәселені де дұрыс түсіну қажет. Осы статистикаға қарап, қатерлі ісікпен немесе жүрек-қан тамыры ауруларымен мүгедектік алған адамдардың мәртебесіне күмән келтіруге болмайды. Керісінше, бұл статистика Қазақстандағы мүгедектіктің едәуір бөлігі нақты ауыр аурулармен байланысты екенін көрсетеді.
Ал балалар арасындадағы мүгедектік құрылым одан да күрделі. Алғашқы мүгедектік жағдайларының 42,1 пайызы психикалық және мінез-құлық бұзылыстарына, 17,5 пайызы туа біткен аномалияларға, 14,6 пайызы жүйке жүйесі ауруларына байланысты болады екен.
Осы жерде мүгедектік тек диагноздың атауына ғана қарап белгіленбейтінін тағы айтуымыз керек.Медициналық-әлеуметтік сараптама кезінде адамның дене функцияларының тұрақты бұзылуы, оның күнделікті өмір сүруі мен еңбек ету мүмкіндігі бағаланады. Демек, сұрақты "Қазақстанда мүгедектер саны тым көп пе, әлде мүгедектікті анықтау жүйесіндегі бақылау жеткіліксіз бе?" деген екі бағытта қойған дұрыс. Яғни, бұл екеуі екі түрлі мәселе. Біріншісі, халық денсаулығының жағдайына қатысты болса, екіншісі, медициналық-әлеуметтік сараптаманың сапасы мен ашықтығына қатысты.
Демек, Президенттің бір кезеңде 20 миллионға жуық халық тұратын Қазақстанда мүгедектігі бар адамдардың саны 800 мыңнан асқанын айтып, мұндай көрсеткішке неге күмән келтіргенін тиісті органдар түсіндіруге міндетті.
Айтпақшы, мемлекет мүгедектертерге қанша ақша жұмсайтынын да айта кетейік. Статистикаға сүйенсек, 2026 жылғы 1 ақпанда мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларға республикалық бюджеттен жыл басынан бері 59,3 млрд теңге жұмсалған.
Жалпы, мүгедектігі бар адамдар үшін төлеген ай сайынғы жәрдемақы I топқа – 111 873 теңге, II топқа – 89 498 теңге, III топқа – 61 022 теңге болды. Жиынтық көлемге айналдырғанда бұл әлеуметтік шығын ғана емес, үлкен мемлекеттік ресурс екені білінеді. Яғни, Президентке берілген мәліметте осы цифрларға барынша назар аударылғаны байқалады.
Ал жүйедегі кез келген жалған анықтама, негізсіз мүгедектік немесе қызметтік мүмкіндікті пайдалану арқылы қандайда бір әлеуметтік жеңілдіктер алу тек бюджет қаржысына емес, шын мұқтаж азаматтардың құқығына соққы болып тиетіні анық.
Тоқетерін айтқанда, Тоқаев атап өткендей Қазақстан әлеуметтік мемлекет ретінде азаматтарын қолдауға міндетті. Бірақ, әлеуметтік қорғау жүйесі неғұрлым ауқымды болған сайын, оны бақылау да соғұрлым мықты болуы керек. Егер мемлекет әлеуметтік жүйедегі теріс пайдалануды анықтағысы келсе, ең алдымен мүгедектік белгілеудің бүкіл тізбегін талдап, диагноздан бастап МӘС қорытындысына дейінгі жұмысты бақылауға алуға тиіс.
Сонда ғана әлеуметтік қорғау жүйесі шын мұқтаж адамды қорғай ма, әлде жүйедегі саңылауды пайдаланған адамға да мүмкіндік беріп отыр ма деген сұраққа нақты жауап табылады.