KZNEWS.KZ
Әлеумет

Әлеуметтік қолдау жүйесін реформалау: сарапшы не дейді?

Фото: ашық дереккөздерден

Жалпы, бұл өзгерістердің негізгі мақсаты мемлекеттік көмекті шын мәнінде қажет ететін азаматтарға басымдық беру болып отыр.

Сондай-ақ, бұл реформа жекелеген әлеуметтік төлемдерді неғұрлым атаулы форматта ұсынуға көшіру арқылы әлеуметтік қорғау жүйесін дамытудың келесі кезеңі ретінде қарастырылуы керек. Мұндай пікірді сарапшылар да айтып отыр екен. Мысалы, танымал әлеуметтанушы Яков Воронковтың пайымынша, қазір Қазақстан әлеуметтік қорғаумен қамту деңгейі бойынша Орталық Азияда көш бастап тұр екен.

Жүйенің нақты көрінісін халықаралық ұйымдардың деректері де көрсетеді. Олардың мәліметінше, Қазақстан әлеуметтік қорғаумен қамту және адам дамуының кең ауқымды көрсеткіштері бойынша Орталық Азияда жоғары позицияда тұрған көрінеді.

Атап айтқанда, халықаралық Еңбек ұйымының соңғы қолжетімді деректерінде Қазақстан халқының 94,3 пайызы қандай да бір деңгейде әлеуметтік қорғау жүйесімен қамтылғаны көрсетілген. Бұл Орталық Азиядағы ең жоғары көрсеткіш. Өзбекстанда бұл көрсеткіш 56 пайызды, Қырғызстанда 42,9 пайызды, Түрікменстанда 42,7 пайызды, ал Тәжікстанда 34,1 пайызды құрайды.

Сарапшы бұл көрсеткішті тікелей жәрдемақы алатын халықтың үлесі ретінде түсіндіруге болмайтынын атап өтті. Ол әлеуметтік сақтандырудың түрлі тетіктерін қоса алғанда, жалпы әлеуметтік қорғау жүйесімен қамтылу деңгейін көрсетеді.

- Бұл көрсеткіштер Қазақстанда әлеуметтік қорғаудың жеткілікті кең жүйесі қалыптасқанын көрсетеді. Әрине, қазіргі әлеуметтік саясатта белгілі бір теңгерімсіздіктер мен жетілдіруді қажет ететін бағыттар бар. Дегенмен сақтап, әрі қарай дамыту маңызды нәтижелер де бар, – дейді Яков Воронков.

Қазақстанның әлеуметтік даму деңгейін көрсететін тағы бір маңызды көрсеткіш БҰҰ-ның Адам дамуы индексі деуге болады. 2025 жылғы Human Development Report дерегіне сәйкес, Қазақстанның адам дамуы индексі 0,837-ні құрап, 193 мемлекет пен аумақтың ішінде 60-орынға ие болды. Осы көрсеткіш бойынша Қазақстан адам дамуы өте жоғары елдер тобына кіреді.

Аталған индекс тек халықтың табысын ғана емес, сонымен қатар өмір сүру ұзақтығы мен білім деңгейін де ескереді.

- Аталған көрсеткіштер бойынша Қазақстан өңірде жоғары позицияда тұр. Бұл – әлеуметтік инфрақұрылым мен қолдау жүйесінің дамуының нәтижесі. Сондықтан қазіргі басты міндет, меніңше, әлеуметтік қорғау көлемін қысқарту емес, оны нақты әрі тиімді ету болуы керек, – деп есептейді сарапшы.

Өз таңдауында сарапшы Воронков Дүниежүзілік банктің деректеріне де назар аударды. Оның Қазақстандағы әлеуметтік қорғау жүйесіне берген бағалауынша, атаулы әлеуметтік көмектің нысаналылығы қазірдің өзінде салыстырмалы түрде жоғары деңгейде.

Атаулы әлеуметтік көмектің тікелей және жанама алушыларының 82,5 пайызы табысы ең төмен халықтың 20 пайызына жатады. Салыстыру үшін, санаттық негізде берілетін басқа әлеуметтік бағдарламалар табысы ең төмен топқа жатпайтын азаматтарды жиірек қамтиды.

Сарапшының пікірінше, алдағы өзгерістердің негізгі логикасы дәл осы жерде жатыр.

- Егер отбасылардың мүмкіндіктері бір-бірінен айтарлықтай ерекшеленетін болса, мемлекеттік көмектің бір бөлігін бөлу кезінде мұқтаждық деңгейін ескеру орынды. Мемлекеттік ресурс кез келген жағдайда шектеулі. Сондықтан мәселе осы ресурсты қолдауға аса мұқтаж адамдарға қаншалықты дәл бағыттай алатынымызда, – дейді Яков Воронков.

Тоқетерін айтқанда, әлеуметтік көмекті неғұрлым атаулы ету нәтижесінде үнемделетін ресурстарды әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасыларды қосымша қолдауға бағыттау маңызды бола түседі.

Қалмаханбет Мұқаметқали
Журналист-экономист. Журналистика саласында 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.
Автордың басқа материалдары →