"1,5 сағаттық жұмысты 1,5 минутта орындайды": Қазақстанда мұғалімдерге арналған ЖИ агенті жасалды
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
ҚР, Астана қаласы, Әбікен Бектұров көшесі, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
askar.altai@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Боқаевтың қаржылық келісімшарттары мен атышулы жалған бейнероликтері қандай салдарға әкелді?

Боқаевтың қаржылық келісімшарттары мен атышулы жалған бейнероликтері қандай салдарға әкелді?
ЖИ/kznews.kz

Санжар Боқаев пен өзге де сотталушыларға қатысты сот талқылауы бір айдан астам уақытқа созылды. Сот процесі ашық форматта өтті, сондықтан кез келген ниет білдірген азамат сот отырыстарына қатыса алды. Осы уақыт ішінде қоғам айыптау тарапының да, қорғау тарапының да ұстанымдарын тыңдап, куәгерлер мен айыпталушылардың айғақтарымен танысуға, ұсынылған дәлелдерді зерделеуге және болып жатқан оқиғаларға қатысты өз пікірін қалыптастыруға мүмкіндік алды, деп хабарлайды kznews.kz.

Сотталған Санжар Боқаев қандай қызметтерімен танымал?

Бұл сот процесі расталмаған ақпарат таратудың, қоғам назарын аудару жолындағы жарыстың және қандай жолмен болса да аудиторияның қызығушылығын оятуға ұмтылудың қаншалықты ауыр салдарға әкелуі мүмкін екені туралы ойлануға себеп болды. Сөз бостандығы тек өз пікіріңді жария түрде білдіру құқығын ғана емес, сонымен қатар таратылатын мәліметтердің шынайылығы үшін жауапкершілікті де көздейді.

2026 жылғы 16 қазанда Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында Санжар Боқаевқа, оның жиені Мадияр Қалменовке және жеке мобилографы Ұлан Нүсіпқожа қатысты қылмыстық іс бойынша сот талқылауы басталды.

Қылмыстық іс бес қылмыс құрамын қамтиды: ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы – алаяқтық; 218-бабы – қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату); 188-бабы – ұрлық; 340-бабы – ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау; 274-бабы – көрінеу жалған ақпарат тарату.

Санжар Боқаев жай ғана блогер емес, саяси коммуникациялар мен қоғамдық пікір қалыптастыру саласында тәжірибесі бар тұлға. Кезінде ол мемлекеттік құрылымдарда басшылық қызметтер атқарып, «Нұр Отан» партиясының идеологиялық жұмысына жауап берген.

Қоғамдық кеңістікте оның «ескі Қазақстан» өкілдерімен байланысы туралы мәліметтер де айтылып жүр. Бұл оның өмірбаянындағы жаңа дерек емес. Саяси мансабы кезінде Боқаев Алматы қаласының әкімі болған А. Есімовтің тұсында, сондай-ақ Дариға Назарбаевамен және бұрынғы саяси элитаның өзге де жоғары лауазымды өкілдерімен бірге жұмыс істеген. Боқаевты жақсы білетін адамдардың айтуынша, ол Дариға Назарбаеваның ең жақын серіктерінің бірі болған.

Оның үстіне, Назарбаева Сенат төрағасы қызметін атқарған кезде Боқаев штаттан тыс кеңесшісі болған. Айта кетейік, сот отырыстарының бірінде Боқаев өз қызметіне «тапсырыс берушілер» туралы айтып беруге ниетті екенін мәлімдеген еді. Алайда содан бері бірде-бір есім аталған жоқ. Сол уақыттан бері не өзгерді және Боқаевтың бұл тақырыпты не себепті жалғастырмауды жөн көргенін тек болжауға болады.

Ол саяси технология құралдары мен тәсілдерін жақсы меңгерген. Кәсіби тәжірибесі оның бейнероликтерінің неліктен кең қоғамдық назарға ие болып, эмоционалдық реакция тудырғанын және әлеуметтік желілерде үлкен талқыға түскенін түсіндіруге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Боқаев марқұм кәсіпкер Александр Машкевич құрған «Бастама» талдау орталығында жұмыс істеген. Сол жерде украиналық саяси технолог Юрий Косвиннің жетекшілігімен кәсіби дағдыларын жетілдірген.

Кәсіподақ ақшасы мен жеке жиһаз бизнесі: Боқаев пен Қалменовке қатысты қаржылық эпизодтар

Қылмыстық істегі қаржылық эпизодтардың тарихы сонау 2018 жылы, Санжар Боқаев «ҚазТрансГаз» компаниясы бас директорының кеңесшісі қызметін атқарып, компанияның ақпараттық қызметіне жетекшілік еткен кезеңнен басталады.

2018 жылғы 6 тамызда Боқаев кәсіподақ комитетінің отырысында «Еуропа – Қытай» халықаралық автошеруді ұйымдастыру туралы бастама көтерген. Оның ұсынысымен іс-шараны өткізуге екі компания тартылған. Біріншісі – жиені Мадияр Қалменовтің атына рәсімделген «BM Trust» ЖШС, екіншісі – Боқаевтың танысы Жұлдыз Артықбаева басқаратын «We Can» ЖШС.

Бірінші компаниямен 47,9 млн теңгеге, екіншісімен 39 млн теңгеге келісімшарт жасалған. Осылайша, бір ғана іс-шараны ұйымдастыруға жасалған екі келісімшарт бойынша кәсіподақ қаражатынан шамамен 87 млн теңге қарастырылған.

Алайда сот отырыстарында анықталғандай, жұмысты атқарған мердігерлердің басым бөлігі «We Can» компаниясымен жұмыс істеген және «BM Trust» қызметінен мүлдем хабарсыз болған. Ал кәсіподақ ақшасы түскеннен кейін Боқаевтың жиеніне тиесілі компания жиһаз өндірісіне арналған жабдықтар сатып алып, Астанадағы аумағы 671 шаршы метр болатын ғимаратты жалға алған және өзге кәсіпкерлерге миллиондаған теңге аударған.

Автошеру туралы деректі фильмді қаржыландыруға қатысты жағдайлар да өзіне ерекше назар аудартты. Куәгер Жармұхамед Сұлтанов – бұрын «MLS-Group» ЖШС-нің құрылтайшысы әрі директоры болған, кезінде Алматы қаласының Жастар саясаты басқармасында Боқаевқа бағынышты қызмет атқарған, кейін АҚШ-та оның іскерлік серіктесіне айналған тұлға – сотта автошеру туралы деректі фильмнің мүлдем түсірілмегенін, ал оны түсіріп-шығаруға бөлінген 12,3 млн теңгенің өз бақылауындағы жеке кәсіпкерлік арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, тікелей Боқаевқа берілгенін мәлімдеді. Бұдан бөлек, жарнамалық қызметтер үшін түскен қаражаттың бір бөлігі жиһаз өндіретін «Art Romance» кәсіпорнының сайты мен бейнероликтерін жасауға жұмсалған.

Бір қызығы, Боқаевтың өзі жауап беру кезінде жиенінің компаниясын іс жүзінде басқарғанын жоққа шығармады. Ол «BM Trust» компаниясының мөрі өзінің кабинетінде сақталғанын, ал Қалменовтің өз тапсырмасымен қолма-қол ақша алып отырғанын растады. Компаниядағы өзінің рөлін Боқаев: «Мен өзімді іс жүзінде осы компанияның иесі ретінде сезіндім деп айта аламын» деп сипаттады.

Қалменовтің өзі номиналды директор болғанын, нағашысының тапсырмаларын орындағанын және ақшаның қандай мақсатта алынатынын әрдайым біле бермегенін мәлімдеді.

Осылайша, кәсіподақ қаражатының шамамен 42 млн теңгесі жымқырылып, алынған ақшаның бір бөлігі жиһаз кәсіпорнының қаржы-шаруашылық қызметіне жаратылған.

Әңгіме компания қызметкерлері мен олардың отбасыларына әлеуметтік қолдау көрсетуге жұмсалуы мүмкін болған кәсіподақ қаражаты туралы болып отыр.

 

«ҚазТрансГаз» басшыларынан бастап, жабдықпен қаматамасыз еткендерге дейін: қаржылық эпизодтар бойынша куәгерлер не айтты?

Боқаевтың ісі бойынша сот талқылауының ерекшеліктерінің бірі – қаржылық эпизодтарға қатысты куәгерлер санының көп болуы. Олардың арасында «ҚазТрансГаздың» бұрынғы басшылары, кәсіподақ қызметкерлері, кәсіпкерлер, аудиторлар және автошеруді ұйымдастыру жұмыстарына тікелей қатысқан орындаушылар бар.

«ҚазТрансГаздың» бұрынғы бас директоры Рустам Сулейманов сотта Боқаевтың Қ. Шәріпбаевтың (Дариға Назарбаеваның жұбайы) тағайындауымен қызметке келгенін және басшылықты автошеруді ұйымдастыру жұмысына – қаржылық әрі ұйымдастырушылық мәселелердің егжей-тегжейіне араластырмай, өз бетінше үйлестіргенін айтты. Сулейманов келісімшарттарды көрмегенін, шығындар сметасын тексермегенін және тартылған компаниялардың басшыларымен таныс болмағанын жеткізді. Себебі Боқаев оған іс жүзінде бағынбаған, керісінше, ол тек Шәріпбаевтың тапсырмаларын орындаған. Өйткені Боқаев Шәріпбаевтың адамы болған.

Кәсіподақтың бұрынғы төрайымы Зәуреш Маханова «BM Trust» пен «We Can» компанияларын тартуды Боқаевтың өзі ұсынғанын, ал оның жиені қол қоюға сомалары айқындалған дайын келісімшарттарды бірге әкеліп отырғанын хабарлады. Жұмыстардың орындалғанын растайтын құжаттарды ол тікелей Боқаевтың кабинетінен алып отырған.

«ҚазТрансГаз» баспасөз қызметінің бұрынғы басшысы Бексұлтан Құрманқұл одан да қызықты жайттарды баяндады. Оның айтуынша, мердігерлерді таңдау мен олардың қызмет құнын анықтау мәселелері іс жүзінде алқалы түрде талқыланбаған. Ол кәсіподақ комитеті отырысының хаттамасына тек формалды түрде қол қойған. Ал компанияларды да, дайын шығындар сметасын да Боқаевтың өзі ұсынған.

Кәсіподақ ревизоры Медетбек Әбдіқалықов қаржылық құжаттарды кезекті тексеру барысында қызмет құнының негізсіз көтерілгенін және мердігерлердің өзара байланысты екенін көрсететін белгілерді қалай анықтағанын айтып берді. Ол іс-шараларды ұйымдастыру нарығында бәсекелестік жоғары болғанына қарамастан, келісімшарттарды үнемі бір компаниялардың алып отырғанына назар аударған.

Автошерудің ұйымдастыру жұмыстарына тікелей атсалысып, «We Can» компаниясымен жұмыс істегендерін айтқан барлық дерлік куәгерлер Боқаевтың жиеніне тиесілі компанияның нақты қандай жұмыстар атқарғанын түсіндіре алмады.

Ал «BM Trust» компаниясынан ақша алған кәсіпкерлер жиһаз өндірісіне арналған жабдықтардың жеткізілгенін және автошеруге қатысы жоқ қызметтердің көрсетілгенін алға тартты.

Жалпы алғанда, бұл айғақтар айыптау тарапының бірнеше бағыттағы ұстанымын растайды: мердігерлерді таңдау, шығындар сметасын қалыптастыру, жұмыстардың іс жүзінде орындалуы және кәсіподақ қаражатының кейінгі қозғалысы.

 

Сегіз рет қарсылық білдіру, сот залынан шығып кету және субъективті берілген баға: сот Боқаев пен Қалменовтің қорғаушыларына не үшін ескерту жасады?

Боқаев пен Қалменовтің ісі бойынша сот талқылауы барысында уақыттың едәуір бөлігі дәлелдерді зерттеуге ғана емес, қорғау тарапының көптеген өтінішхаттарын қарауға да жұмсалды.

Әсіресе қорғаушылардың төрағалық еткен судьяға қарсылық білдіру мәселесін қараған судьяның өзіне де қарсылық білдіруге талпыну жағдайы өзіне еріксіз назар аудартады. Бұл сотқа қысым көрсету әрекеті ретінде бағаланады.

Бүкіл сот талқылауы барысында Боқаевтың қорғаушылары процестің созылуына ықпал еткен бірқатар әрекеттерге бірнеше рет барды. Көптеген өтінішхаттар, төрағалық еткен судьяға қайта-қайта қарсылық білдіру, адвокаттардың сот залынан өз бетінше шығып кетуі, БАҚ пен әлеуметтік желілердегі субъективті бағалар, сондай-ақ куәгер Хамракуловпен процессуалдық тәртіптен тыс байланыстар қорғау тактикасына қатысты елеулі сұрақтар туғызды.

Сонымен қатар, куәгерлер, оның ішінде Боқаевтың бұрынғы бағыныштылары мен іскерлік серіктестері жауап берген сайын, ықтимал қаржылық құқық бұзушылықтар мен қойылым сипатындағы бейнероликтерді ұйымдастыруға қатысты жаңа мән-жайлар ашыла түсті. Негізгі мәселелер бойынша куәгерлердің айғақтары бір-бірімен сәйкес келіп, банк құжаттарымен, өзара алмасқан хаттар және сараптама қорытындыларымен расталып отырды. Мұндай дәлелдер жиынтығы қорғау тарапы үшін күтпеген жағдай болғанға ұқсайды. Осы тұста процессуалдық жанжалдар мен сотты жария түрде сынау қоғам назарын тағылған айыптардың мәнінен сот процесінің ұйымдастырылу мәселелеріне аударуға ықпал етуі мүмкін еді.

Сот тергеуі барысында Боқаевтың кінәсін көрсететін жаңа айғақтар, атап айтқанда оның хат алмасулары мен бағыныштыларымен әңгімелері жария болған сайын, адвокаттар нақты уәж келтіре алмай, жанжалдарды ушықтыруға және сот процесінің қалыпты өтуіне кедергі келтіруге тырысты. Мәселен, Боқаевтың тақталарды ұрлау әрекеті сәтсіз аяқталғаны үшін бағыныштыларын балағат сөздермен сөккен әңгімелері де жарияланды. Ал жарыссөз кезінде адвокаттардың өздері заң баптарының атауларын шатастырып, соттан Боқаевқа бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды сұрады. Сонымен қатар жәбірленушілермен медиациялық келісім жасасып, келтірілген залалды өтеуге әрекеттенді. Мұның өзі кінәні мойындаумен мәндес әрекет ретінде бағалануы мүмкін.

Өз кезегінде Боқаев адвокаттарының жұмысына көңілі толмаған көрінеді. Сот отырысына қатысқан адамдардың айтуынша, ол залда отырған жерінен адвокаттарын үнемі сыбырлаған дауыспен әрекетке итермелеуге тырысқан. Осыдан кейін дәлелдері болмаған қорғаушылар кезекті негізсіз қарсылық білдіруге немесе сот отырысында үзіліс жариялауды сұрауға көше бастаған.

 

Боқаевтың жеке мобилографына қатысты жағдай

Бірнеше жыл бойы Ұлан Нүсіпқожа камераның арғы жағында жүрген адам болды. Ол Санжар Боқаевтың әлеуметтік желілерде таралып, қоғамда кең резонанс тудырған бейнероликтерін түсіріп, монтаждаған.

Алайда сот талқылауы барысында мобилографтың өзі осы атышулы «әшкерелеу» бейнероликтерінің қалай жасалғанын айтып берді.

Нүсіпқожаның айтуынша, Боқаев оның жұмыс берушісі болған, сол жұмыс беруші ретінде ол бейнематериалдардың тақырыбын анықтап, мәтіндерін дайындаған, тапсырмалар беріп, видеоны жариялаумен айналысқан. Ал Нүсіпқожа негізінен жұмыстың техникалық жағына жауап берген.

Қылмыстық тергеу басталған кезде Боқаев оған жауап алу барысында «ештеңе есімде жоқ» деп айтуды ұсынған. Кейін тіпті мүлдем жауап бермеуге көндірмек болған. Нүсіпқожа тергеушінің алдында өзін қалай ұстау керектігі жөнінде нұсқаулар жазылған бейнематериалдар да алғанын айтты.

Айыпталушының сөзінше, оған заңгерлік және материалдық көмек көрсетуге, отбасына қолдау білдіруге және адвокат ақысын төлеуге уәде берілген. Алайда бірнеше айдан кейін сол берілген уәде бойынша қолдау тоқтаған. Бұл бұрынғы жұмыс беруші мен оның мобилографы арасындағы жанжалдың бір себебіне айналған.

Соған қарамастан, Боқаев жалдаған адвокаттар Нүсіпқожа мен жұмыссыз жүрген жұбайынан ақша талап етуді жалғастырған. Олар одан жауап бермеуді, үндемеуді және өзінің басшысын ұстап бермеуді талап еткен.

Ақырында Нүсіпқожа егжей-тегжейлі жауап беруге шешім қабылдайды. Оның сотта берген айғақтарынан кейін гранит тақталарды ұрлау әрекетінің қайта түсірілуіне, орындаушыларға ақша берілуіне және Баум тоғайындағы ағаштардың кесілуі туралы бейнероликтің жасалуына қатысты мән-жайлар белгілі болды.

Соттағы жарыссөз барысында Нүсіпқожа кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінетінін мәлімдеді. Сонымен бірге ол барлық жауапкершілікті өзінен алып тастауға тырыспай, болған жағдайды өзінің бейқамдығымен және өзгенің тапсырмаларын ойланбастан орындауға дайын болғанымен түсіндірді.

«Мен өз әрекеттерім үшін жауап беруге міндетті екенімді түсіндім, бірақ басқа біреуді қорғау үшін шындықты жасыруға міндетті емеспін», – деді ол сотта.

Нүсіпқожаның адвокаты Мәди Әуекенов соттан техникалық жұмысты орындаған адамның рөлі мен бейнероликтердің мазмұнын анықтаған, тапсырмалар беріп, оларды жариялау туралы шешім қабылдаған адамның рөлін ажыратып қарауды сұрады.

 

Гранит тақталарды ұрлау және ағаштарды кесу: атышулы жалған бейнероликтердің артында не жатыр?

2025 жылы Санжар Боқаевтың Үлкен Алматы өзені бойындағы гранит тақталардың ұрлануы мен Баум тоғайындағы ағаштардың заңсыз кесілуі туралы бейнероликтері қоғамда үлкен резонанс тудырды.

Алайда сот талқылауы барысында бұл бейнероликтердің қалай пайда болғанына қатысты мүлдем басқа нұсқа айтылды.

Боқаевтың жеке мобилографы Ұлан Нүсіпқожаның айтуынша, гранит тақталарды ұрлау әрекеті екі рет түсірілген. Алғашқы түсірілімнің нәтижесі Боқаевты қанағаттандырмаған соң, құрылыс материалдарын қайта сатып алу және тасымалдау ұйымдастырылған.

Бір қызығы, Боқаевтың өзі де жауап алу кезінде алғашқы бейнероликтің сапасына көңілі толмағандықтан, гранит тақталарды сатып алуды екі рет қаржыландырғанын растаған.

Құрылыс алаңының жұмысшысы Жанболат Жанатаев сотта мемлекеттік меншіктегі, демонтаждалғаннан кейін алынған тақталарды Ақылбек Хамракуловқа заңсыз сатқанын айтты. Екі партия үшін ол жалпы сомасы шамамен 200 мың теңге алған. Жанатаев бұған дейін де ұрлық жасағаны үшін сотталған.

Кран-манипулятор жүргізушісі Сұлтанов Хамракуловтың тапсырмасымен гранит тақталарды екі рет тасымалдағанын, ал екінші рет тасымалдау кезінде оқиға орнына камера ұстаған Боқаевтың келгенін растады.

Тақталар жеткізілген құлпытас жасайтын шеберхананың иесі оларды түсіргені туралы Боқаевтың бейнеролигінен ғана білгенін айтты. Оның сөзінше, жеткізілген тақталар ескерткіш жасауға жарамсыз болған.

Тергеу барысында жарияланған Боқаев пен Нүсіпқожаның әңгімелері, сондай-ақ Боқаев пен Хамракуловтың өзара алмасқан хаттары бірқатар мән-жайды ашып берді. Айыптау нұсқасына сәйкес, Боқаев қоғам назарын аудартатын бейнероликтер түсіру үшін тақталарды ұрлау әрекетін әдейі қолдан ұйымдастырған. Хат алмасулардан белгілі болғандай, біріншісінде көмекшілері тапсырманы дұрыс орындай алмай, тақталарды жолдың бойында қалдырып кеткен. Кейін Боқаев оларды рәсімдік қызмет көрсететін цехты тауып, сол жерге апарып қоюға тікелей нұсқау берген. Бұл жағдай Боқаевтың ашуын туғызып, ол Нүсіпқожаны телефон арқылы балағаттаған.

– Ақылбекпен бірге түсірген видеоны ... тығып қойыңдар, – деді ол аудиожазбада.

Тағы бір қызықты жайт: аудиожазбалар мен хат алмасулар жарияланғанға дейін Боқаев өзінің кінәсіз екенін айтып келген. Алайда олар сотта тыңдалғаннан кейін ол бұл әрекетті «бақылау мақсатындағы сатып алу» деп түсіндіріп, осылайша мәселенің өзектілігіне қоғам назарын аударғысы келгенін мәлімдеді.

Бірақ өзі жариялаған бейнероликте «бақылау мақсатындағы сатып алу» туралы ештеңе айтылмайды. Керісінше, ол тақталар тиелген көліктің соңынан қызу қуып, ішінде өзінің сыбайласы отырғанын айтпай, қандай да бір қаскөйлердің сапалы тақталарды ұрлап жатқанын жеткізеді. Ал бейнематериал сипаттамасында бұл әрекеттің өзі ұйымдастырған ұрлық екенін көрсетуді ол ұмытып кеткен көрінеді. Сотта бұл жайттардың барлығын еске түсіруге тура келді.

Баум тоғайындағы оқиға бойынша да осыған ұқсас мән-жайлар анықталды.

24 қазанда белсенділер Боқаевты Баум тоғайындағы кездесуге шақырған. Сол жерде-ақ ол қоғамның назарын аударатын, көп қаралым жинайтын бейнеролик түсірудің жолын ойластыра бастаған.

Мобилограф Нүсіпқожаның айтуынша, келесі түні ол Боқаевты мейрамханадан алып шыққан. Сол кезде Боқаев өзінің екінші телефонынан Нүсіпқожаға Баум тоғайындағы ағаштардың кесіліп жатқаны туралы жергілікті тұрғыннан түскендей етіп жасалған хабарламаны жіберген. Боқаев оған қайда бару керектігін көрсеткен. Оқиға орнында оларды Хамракулов күтіп тұрған. Мобилограф Боқаевтан алған ақшаны соған берген.

Яғни Боқаев өзінің мобилографы арқылы бұрыннан таныс Хамракуловты жалдаған. Ал ол өз кезегінде көше бойынан екі жұмысшы тауып, Боқаевтан алған ақшаға түн ішінде ағаштарды кесуді ұйымдастырған.

Ең қызығы, ағаштар кесілген жер тоғайдың терең түкпірінде орналасқан. Орманшының айтуынша, қайда бару керектігін білмеген адамға бұл орынды табу іс жүзінде мүмкін емес. Ол жерде ешқандай құрылыс жүргізу де мүмкін емес, көлік кіретін жол да жоқ. Соған қарамастан, Нүсіпқожаның айғақтары бойынша, Боқаев сол түні-ақ қажетті жерді тауып, орман ішінде құлатылған ағаштарды түсіріп жүрген.

Келесі күні, 26 қазанда Боқаев Баум тоғайына қайта келіп, белсенділерді бірден ағаштар кесілген жерге бастап барған. Сол жерде бейнеролик түсіріп, Нүсіпқожаға оны басқалардан бұрын жариялап үлгеру үшін тез арада монтаждауды тапсырған. Нәтижесінде бейнеролик миллиондаған қаралым жинады.

«Медеу» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің директоры әрі бас орманшысы Ұзақ Мықытанов заңсыз ағаш кесу салдарынан бес ағаштың құлатылып, тағы он бір ағаштың зақымданғанын хабарлады. Сонымен қатар видеода айтылғандай, тоғай аумағында тұрғын үй кешендерін немесе коммерциялық нысандарды салу жоспарланбаған. Ерекше қорғалатын табиғи аумақты абаттандыру жобасы аясында жүгіру жолақтарын төсеу, жарықтандыру жүйесі мен бейнебақылау камераларын орнату көзделген.

 

Екі жаяу жүргіншілер өткеліне 1 миллиард және жарықтандыруға 12 миллиард теңге: бейнероликтер мен құжаттарды салыстыру не көрсетті?

Боқаевтың қылмыстық ісіндегі жеке эпизодтардың бірі Алматыны абаттандыруға бюджет қаражатының жұмсалуы туралы ақпарат таратуға қатысты болды.

Өз бейнероликтерінде Боқаев «Атакентті» қайта жаңғыртуға, жаяу жүргіншілер өткелдерін жөндеуге және Баум тоғайын абаттандыруға миллиардтаған теңге негізсіз жұмсалып жатыр деп мәлімдеген.

Алайда сот талқылауы барысында куәгерлер Боқаев жариялаған ақпараттан едәуір өзгеше мәліметтер мен құжаттарды ұсынды.

Мәселен, бейнероликтердің бірінде небәрі екі жаяу жүргіншілер өткелін жөндеуге бір миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінгені айтылған. Ал Бостандық ауданы әкімінің бұрынғы орынбасары Ринат Сейдраманов сотта жөндеу жұмыстары екі емес, он нысанды қамтығанын растайтын құжаттарды көрсетті.

«Атакентті» қайта жаңғырту мәселесінде де осындай жағдай қалыптасты. Боқаевтың бейнеролигі мемлекет шамамен 12 млрд теңгені негізінен жеке аумақтағы жарықтандыруды ауыстыруға жұмсамақ болып жатыр деген әсер қалыптастырған.

Алматы қаласының Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының бұрынғы басшысы Батырхан Сүлейменов сотқа тиісті аумақтың 2018 жылы-ақ мемлекет меншігіне қайтарылғанын түсіндірді. Жоба аясында фонтандарды ауқымды түрде қайта жаңғырту, су қоймаларын салу, автоматты суару жүйесін орнату және 63 мың жасыл желек отырғызу қарастырылған.

Боқаевтың танысы, блогерге мемлекеттік сатып алу порталынан ақпарат беріп отырған Бибек Жүнісовтің айғақтары да ерекше қызығушылық тудырды. Куәгердің айтуынша, Боқаев жобаның мән-жайынан хабардар болған. Алайда бейнероликті дайындау кезінде ақпаратты көрермендер бюджет қаражатының нақты қандай мақсатқа жұмсалатынын қате түсінетіндей етіп ұсынған.

Сонымен қатар жарыссөз барысында айтылған бес бейнероликке жүргізілген сараптама қорытындысына сәйкес, олардан аудиторияға ақпараттық-манипуляциялық ықпал ету белгілері анықталған.

Боқаевтың өзі ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеп, әкімдік құрылымдарында да, квазимемлекеттік секторда да басшылық қызметтер атқарған. Сондай-ақ, ол ұзақ уақыт бойы «Нұр Отан» партиясының идеологтарының бірі болған. Сондықтан мемлекеттік сатып алу порталының қалай жұмыс істейтінін ол өте жақсы түсінеді.

 

Боқаев ісіндегі Хамракуловтың рөлі: ақша аударымдары, адвокаттармен кездесулер және қарама-қайшы мәлімдемелер

Боқаевтың қылмыстық ісінде гранит тақталарды ұрлау және Баум тоғайындағы ағаштарды кесу эпизодтары бойынша куәгерлердің айғақтарында есімі бірнеше рет аталған Ақылбек Хамракуловтың орны ерекше.

Хамракулов бұған дейін ағаштарды заңсыз кескені үшін сотталған. Алайда ол ұзақ уақыт бойы Боқаевтың ісі бойынша сот отырыстарына келмеген. 12 қарашада сот оны мәжбүрлеп жеткізу туралы қаулы шығарғанымен, полиция қызметкерлері оның жүрген жерін анықтай алмаған.

19 қарашада Хамракулов күтпеген жерден сот ғимаратына өз еркімен келді. Кейін прокуратура оның Боқаевтың туыстарымен және айыпталушылардың адвокаттарымен дәмханада кездескенін көрсететін бейнежазбаларды ұсынды. Жазбалардан олардың шамамен бір сағат бойы Хамракуловқа сотта не айту керектігі жөнінде нұсқау бергені байқалады.

Кейін Боқаевтың әпкесі Хамракуловқа өзінің үйіне дейін такси шақыртып берген. Бұл жағдай қорғау тарапының айыптау бойынша куәгерді жасырып, оны өздеріне қолайлы уақытта сотқа әкелуді ұйымдастырғаны және айғақтары үшін оған ақша төлегені туралы нұсқаны растай түседі.

Сот талқылауы барысында белгілі болғандай Хамракулов Боқаев пен Қалменовтің туыстарымен және адвокаттарымен процессуалдық тәртіптен тыс байланыста болған.

Бұл мән-жайлар куәгерді полициядан әдейі жасырып, оны қорғау тарапына тиімді айғақ беруге алдын ала дайындаған болуы мүмкін деген күдік туғызады.

Боқаевтың бұған дейін Хамракуловтың мүддесін қорғаған адвокат Д.Ахметовпен өзара алмасқан хаттары жарияланғаннан кейін сұрақтар одан әрі көбейді. Ол кезде Боқаев Хамракуловқа қатысты қылмыстық іске назар аудармауға шақырып, оған шартты жаза тағайындалуы мүмкін екенін айтқан. Сондай-ақ, адвокат арқылы оған ірі көлемдегі ақша аударып, өзіне қарсы сөйлемеуін және ешқандай айғақ бермеуін талап еткен.

 

Банк үзінділерінен бастап, хат алмасулар мен сараптамаларға дейін: мемлекеттік айыптау тарапы жарыссөзде қандай дәлелдер келтірді?

2026 жылғы 26 қарашада Санжар Боқаев, Мадияр Қалменов және Ұлан Нүсіпқожаға қатысты сот талқылауы тараптардың жарыссөзі кезеңіне өтті.

Мемлекеттік айыптаушы Жаңыл Жұмабаева прокуратураның қорытынды ұстанымын таныстырып, қылмыстық істегі барлық бес эпизодтың мән-жайын бірізділікпен талдап шықты.

Мемлекеттік айыптау нұсқасы бойынша, сот талқылауы барысында зерттелген материалдардың жиынтығы сотталушыларды тағылған айыптар бойынша кінәлі деп тануға жеткілікті.

Нәтижесінде прокуратура Санжар Боқаевқа алаяқтық жасағаны үшін 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын, ұрлық және ағаштарды заңсыз кесу қылмыстарының әрқайсысы үшін 5 жылдан, ал көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін 3 жыл жаза тағайындауды сұрады. Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру эпизоды бойынша прокурор оны кінәлі деп танып, бірақ ескіру мерзімінің өтуіне байланысты жазадан босатуды ұсынды.

Осылайша, мемлекеттік айыптау тарапы қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша Санжар Боқаевқа 12 жыл бас бостандығынан айыруды, Мадияр Қалменовке 7 жыл бас бостандығынан айыруды, ал Ұлан Нүсіпқожаға пробациялық бақылау белгілеумен 2 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрады.

Жаза тағайындау кезінде прокуратура әрбір айыпталушының қылмыстағы жеке рөлін, жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды ескерген. Ал Нүсіпқожа бойынша оның кінәсін мойындауы мен жасаған ісіне өкінуі де назарға алынған.

Тақырып бойынша оқыңыз

Автор
Жарқын Омаров

C.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Журналистика факультетінің түлегі. Журналистика саласында 20 жылдан бері еңбек етіп келеді. Салалық, республикалық басылымдарда, интернет-порталдарда түрлі қызметтер атқарған. 2025 жылдан бері kznews.kz тілшісі