KZNEWS.KZ
Жаңалықтар

"Айтуға ұялдым": Роза Рымбаева экс-президент Назарбаевпен кездесуін еске алды

• Қайсар Қанат
Роза Рымбаева мен Нұрсұлтан Назарбаев. Фото-коллаж: Kznews.kz / ЖИ

Әнші сұхбаттарының бірінде шығармашылық жолындағы ерекше оқиғалардың бірі туралы әңгімелеген. Оның айтуынша, сахнада өнер көрсетіп жүргеніне 25 жыл толған кезде Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болған.

Сол кездесуде Роза Рымбаева бұрынғы президентті өзінің мерейтойлық концертіне шақырған.

"Мен сол кезде: "Аға, мен сізді концертіме шақырамын. Келіп арнайы қонақ болыңыз", – дедім", – деп еске алды әнші.

Өнер иесінің сөзінше, бұл кезең оның өміріндегі ең ауыр уақыттардың бірі болған. Жолдасы Тасқын Оқаповтың өмірден өтуі оған қатты әсер еткен. Роза Рымбаева сол кездегі президенттің концертіне арнайы келіп, қолдау білдіргенін айтты.

Әншінің айтуынша, кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев оның тұрмыстық жағдайына да қызығушылық танытқан.

"Сол кездері Нұрсұлтан Назарбаев: "Роза, не керек? Қандай көмек қажет?" – деп сұрады", – деді Роза Рымбаева.

Алайда әнші сол уақытта баспанасының тар екенін, тұрмыстық қиындықтары барын айтуға ұялғанын жасырмады.

"Ал мен болсам "үйім кішкентай, аядай үйде тұрамын, жағдайымыз мәз емес" деп айтуға арландым. Оның орнына "аға, менде бірді-екілі мәселем болса, әкімдікке айтармын" деп жауап бердім. Мен ештеңе сұрамадым", – деп бөлісті өнер иесі.

Роза Рымбаеваның сөзінше, кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев оған алғыс айтып, раушан гүлдерін сыйлаған. Әнші бұл оқиғаны арада жылдар өткен соң еске алып, сол кездегі көңіл күйі мен қабылдаған шешімі туралы ашық әңгімеледі.

Айта кетейік, Роза Рымбаева – қазақ эстрадасының көрнекті өкілдерінің бірі. Ол 1977 жылы Болгарияда өткен "Алтын Орфей" халықаралық ән байқауында бас жүлдені жеңіп алып, кеңінен танылған. Өнер иесі ұзақ жылдар бойы сахнада өнер көрсетіп, "Әлия", "Атамекен", "Айгөлек" және басқа да танымал әндерді орындап келеді.

Еске сала кетейік, Роза Рымбаева әнші Мейрамбек Бесбаевтың 50 жас мерейтойында сөз сөйлеп, сахнада жүрген азаматтардың отбасылық өміріне тоқталған еді.

Қайсар Қанат
Журналист. Блогер. Фрилансер
Автордың басқа материалдары →