Сыртқы сауда айналымы: шикізат пен мұнайға тәуелділік азайған жоқ
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
ҚР, Астана қаласы, Әбікен Бектұров көшесі, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Әйелдер теңдікке жету үшін тағы 171 жыл күте ме? Алматыда BE WOMAN форумы өтті

Әйелдер теңдікке жету үшін тағы 171 жыл күте ме? Алматыда BE WOMAN форумы өтті
Фото: Be woman парақшасынан алынды

Әлемде әйелдер мен ерлердің толық теңдікке жетуіне әлі 171 жыл қажет болуы мүмкін. Ал жасанды интеллект саласындағы мамандардың небәрі 22 пайызы – әйелдер. Осындай деректер Алматыда өткен BE WOMAN ASIA 2026 халықаралық форумында айтылды.

Әлемнің әр түкпірінен келген саясаткерлер, кәсіпкерлер, қоғам қайраткерлері мен танымал тұлғалар әйелдердің мүмкіндігі, көшбасшылық және қоғам алдындағы жауапкершілік мәселелерін талқылады, деп хабарлайды kznews.kz.

15 қазанда Алматыдағы Республика сарайында ұйымдастырылған форум биыл «Этикалық күш» тақырыбына арналды. Жиынға қатысушылар қазіргі қоғамда ықпалды болудың өзі жеткіліксіз екенін, ең бастысы сол ықпалды адамдардың өмірін жақсартуға жұмсау қажеттігін атап өтті.

Гендерлік теңдікке жету үшін 171 жыл қажет пе?

Форумда БҰҰ Әйелдер құрылымының Қазақстандағы өкілі әрі Орталық Азиядағы байланыс кеңсесінің басшысы Джерен Гювен Гюрес әлемдегі гендерлік теңсіздікке қатысты деректер келтірді.

Оның айтуынша, қазіргі өзгерістер қарқыны сақталса, толық гендерлік теңдікке қол жеткізу үшін 171 жыл қажет болуы мүмкін.

Тағы бір назар аударарлық мәлімет – жасанды интеллект саласындағы мамандардың тек 22 пайызы әйелдер.

Сарапшы әйелдердің еңбек нарығындағы мүмкіндігі, ақы төленбейтін үй еңбегі, зорлық-зомбылық және технологиялық салалардағы теңсіздік мәселелеріне тоқталды.

Бұл көрсеткіштер әйелдердің жоғары білім алуымен ғана мәселе шешілмейтінін көрсетеді. Олардың кәсіби өсуіне, басшылық қызметке орналасуына және маңызды шешімдер қабылдауына да тең жағдай жасалуы қажет.

Бір жасар баласымен Гарвардқа түскен қазақ қызы

Форумдағы көпшілікке ой салған баяндамалардың бірі қазақстандық кәсіпкер, Tilu EdTech компаниясының негізін қалаушы Әсел Амангелдіге тиесілі болды.

Арыс қаласында өскен Әселдің өмір жолы оңай болмаған. Ол ата-анасынан айырылғанына қарамастан, білім алуға деген ұмтылысын тоқтатпаған.

Кейін отбасын құрып, ана атанып, жеке компаниясын ашқан. Бір жасар баласын тәрбиелеп жүріп, әлемдегі беделді оқу орындарының бірі – Гарвард университетіне түскен.

Әсел Амангелді Қазақстанда жоғары білім алатын әйелдердің үлесі жоғары болғанымен, ерлер мен әйелдердің еңбекақысы арасындағы айырмашылық әлі де сақталып отырғанын айтты.

Оның пікірінше, қоғам қыз балаларға тек білім алуға мүмкіндік берумен шектелмеуі керек. Әр әйелдің отбасын, ғылымды, кәсіпкерлікті немесе мансапты өз қалауымен таңдауына жағдай жасалуы тиіс.

«Әр қыздың өз болашағын өзі таңдауы сирек бұйыратын мүмкіндік емес, қалыпты жағдай болуы керек», – деді кәсіпкер.


Әйел журналистердің 75 пайызы қысымға ұшырай ма?

Форумда сөз сөйлеген Ulysmedia.kz басылымының негізін қалаушы әрі бас редакторы Самал Ибраева журналистикадағы күрделі мәселелерді көтерді.

Ол сөз бостандығы, тәуелсіз медианың қоғамдағы рөлі, журналистік этика және әйел журналистерге жасалатын қысым туралы айтты.

Ибраеваның келтірген мәліметіне сәйкес, Орталық Азиядағы әйел журналистердің 75 пайызы түрлі қысымға тап болады.

Медианың басты міндеті қоғамдағы өзекті мәселелерді ашық көтеру екенін атап өткен спикер журналистердің кәсіби тәуелсіздігі мен қауіпсіздігіне назар аударды.

«Оскар» иегері де Алматыға келді

BE WOMAN ASIA 2026 форумының халықаралық деңгейін көрсеткен қатысушылардың бірі – «Оскар» сыйлығының екі дүркін иегері, режиссер Шармин Обайд-Чиной.

Ол деректі кино арқылы қоғам назарынан тыс қалған мәселелерді көтеріп, өнердің қоғамдық пікірге ықпал ете алатынын көрсеткен тұлғалардың бірі.

Форумда мәдениет пен шығармашылық индустрияның мүмкіндіктері де талқыланды.

Өзбекстанның Мәдениет және өнерді дамыту қорының төрайымы Гаянэ Умерова Орталық Азия елдерінің ортақ мәдени мұрасын халықаралық деңгейде таныту мәселесіне назар аударды.

Ал кәсіпкер Данна Қарағұсова мәдени жобаларды дамытуда мемлекет пен бизнестің серіктестігін күшейту қажеттігін айтты.

Қатысушылар мәдениет саласын туризммен және креативті экономикамен байланыстырудың маңызын атап өтті.

Жасанды интеллект дәуірінде кім жауап береді?

Камбоджаның әйелдер істері жөніндегі министрі Инг Канта Пави технологиялық өзгерістер жағдайында көшбасшылардың жауапкершілігі арта түсетінін жеткізді.

Оның пікірінше, жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар адамзатқа жаңа мүмкіндіктер бергенімен, олардың игілігі қоғам мүшелеріне бірдей қолжетімді болуы тиіс.

Бұл ретте технологияны жасаушылар мен оны енгізу туралы шешім қабылдайтын адамдардың этикалық жауапкершілігі маңызды.

Қазақстандағы әйелдердің рөлі де сөз болды

Форумның ашылуында вице-министр Евгений Кочетов Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің құттықтау хатын оқыды.

Онда Қазақстандағы әйелдердің мемлекеттік және қоғамдық өмірге қатысуы, гендерлік теңдік, әйелдер кәсіпкерлігін қолдау және отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы заңнамалық өзгерістер атап өтілді.

Форум бағдарламасы бірнеше алаңда қатар ұйымдастырылды. «Ұмай», «Томирис», BE WOMAN Talks және Mentor Hub сахналарында қатысушылар сарапшылармен кездесіп, кәсіпкерлік, кәсіби даму, білім және жаңа бастамалар жөнінде пікір алмасты.

BE WOMAN ASIA 2026 форумы әйелдердің табысы тек жеке табандылыққа байланысты емес екенін көрсетті. Олардың әлеуетін толық іске асыру үшін қоғамда әділ ережелер, тең мүмкіндіктер және жауапты көшбасшылық қағидалары орнығуы қажет.

Автор
Асқар Алтайұлы

Kznews.kz сайтының Бас редакторы. ҚазҰУ Журналистика факультетінің түлегі. Медиаменеджер. БАҚ саласында 22 жылдық тәжірибесі бар. Кәсіби блогер.