Конституциялық реформа аясында адам құқығын қорғау, еңбек қатынастарын әділетті реттеу және адам өмірінің құндылығын арттыру мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының біріне айналуы тиіс. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Мұрат Әбенов айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
Оның айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер мемлекет пен азамат арасындағы жауапкершілікті нақты айқындап, адамның еңбегі мен өмірін ең жоғары құндылық ретінде бекітуге бағытталған.
Депутат қазіргі кезде еңбек құқықтарының жиі бұзылатынына назар аударды.
Оның сөзінше, көптеген азаматтар жұмыс істеп жүргенімен, жалақыны уақытында ала алмайды немесе еңбек демалысына тиесілі төлемдері толық берілмейді.
– Негізінен мемлекет бұл Конституциялық өзгерістерде бірінші орынға адамды қойып отыр. Адам құқығы мен еңбек құқығы бірінші қорғалуы керек. Қазір көп адам жұмыс істейді, бірақ айлығын, еңбек демалысына берілетін ақысын дұрыс төлемейді. Біз осы мәселені шешу үшін «әр адамның еңбегі қорғалу керек» деп жазып қойдық. Оның ішінде 8 сағаттық жұмыс уақыты, еңбек демалысына қатысты ешқандай құқығы бұзылмауы керек, – деді Мұрат Әбенов.
Сондай-ақ ол азаматтардың дербес деректерін қорғау мен адам өмірін мемлекеттің негізгі жауапкершілігі ретінде айқындау маңызды екенін атап өтті.
– Ең негізгі өзгерістердің бірі – адам өмірі қоғамның басты байлығы деп жазу. Енді мемлекет соған жауапты болады және адам өмірін қорғауға міндетті. Жақында Шымкентте болған жағдай баршаға мәлім. Алдағы уақытта полицияға «адам өмірін сақтап қалуға міндеттісің» деп нақты айтылады. Егер біле тұра өмірін қорғамаса, бұл Конституцияның бұзылуы болып есептеледі, – деді депутат.
Мәжіліс депутаты білім, ғылым және инновация мәселелері де Конституция деңгейінде мемлекеттің нақты міндеті ретінде белгіленуі тиіс екенін айтты.
– Бұрын адамның білім алуы, ғылыммен айналысуы мемлекеттің міндеті сияқты жалпылама айтылатын. Енді біз оны нақтылаймыз. Әр адамның оқуы, инновациямен айналысуы – болашақ экономиканың мүмкіндігі. Көп жағдайда ізденістегі адамдардың қалтасында ақша болмайды. Бұл тек адамның құқығы емес, мемлекеттің міндеті деп жаздық. Сонда мемлекет оған қаржы бөлуге міндетті болады, – деді ол.
Депутат Мемлекет басшысының «халықтың саны емес, сапасы маңызды» деген ұстанымын еске салып, еркін әрі инновациялық ойлайтын азамат қана ел дамуына үлес қоса алатынын атап өтті.
Бұдан бөлек, ол сөз бостандығы мен ақпараттық қауіпсіздік те Конституциялық реформаның маңызды бағыттарының бірі екенін айтты.
– Адам еркін болуы керек. Тек еркін адам ғана өз ойын ашық айта алады, шығармашылықпен айналыса алады. Тағы бір айтатын мәселе, бұрын теріс ақпараттан тек мемлекет қорғалатын. Қазір интернет дамыды, кез келген адам басқа біреудің намысына тиетін ақпарат тарата алады. Сондықтан енді әр адам теріс ақпараттан қорғалуы керек деп ұсынып отырмыз. Ақпарат таратқанда басқа адамның еркіндігі мен құқығына зиян тимеуі тиіс, – деді депутат.
Сөз соңында ол дін мәселесіне де тоқталып, оның мемлекеттен және білім беру жүйесінен бөлек болуы қажет екенін айтты.
– Біз Конституцияда жалпыадамзаттық құндылықтарды қорғаймыз. Дін мемлекеттен де, білім саласынан да бөлек болуы керек, – деп түйіндеді ол.