Моңғолияда өтіп жатқан бокстан 2026 жылғы Азия чемпионатының финалдық бәсекесінде қазақстандық Дина Исламбекова қарсыласын екі рет нокдаунға түсіріп, алтын еншіледі, деп хабарлайды kznews.kz.
80 келіден жоғары салмақ дәрежесінде сынға түскен отандасымыз финалда үндістандық Алфия Патханмен қолғап түйістірді. Жекпе-жек басталған сәттен-ақ Исламбекова айқын басымдық танытып, қарсыласын бірінші раундта нокдаунға түсірді.
Үшінші раундта қазақстандық боксшы дәл сол комбинациясын сәтті қайталап, қарсыласын тағы да есеңгіретіп, төреші есеп ашуға мәжбүр болды. Осыдан кейін көп ұзамай Дина Исламбекова жеңімпаз деп танылып, Азия чемпионы атағын иеленді.
Осылайша, Дина Исламбекова Қазақстан әйелдер құрамасының қоржынына екінші алтын медальді салды.
Бүгінгі күннің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының қоржынында 2 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль бар. 10 сәуір күні финалдық бәсекеге ерлер шығады. Мұнда Қазақстан намысын 5 боксшы қорғайды.