Өткенде Сенат спикері Мәулен Әшімбаев 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын талқылау барысында бірқатар ұлттық компаниялардың табысына қатысты мәселе көтеріп, үлкен көлемдегі қаражаттың бюджеттен тыс жұмсалатынын айтқан еді.
Сауалға себеп болған компаниялардың арасында «КазАвтоЖол» мекемесінің де аты аталған болатын.
Осыдан кейін ұлттық компания биылғы бюджеті туралы ашық есеп беріп отыр.
Компания мәліметінше, биылғы 10 айда ел аумағындағы ақылы жолдардан түсетін қаражат көлемі 72 млрд теңгеден асыпты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда әжептәуір өскен, былтыр 53 млрд теңге болған. Жиналған ақшаның көлемі еліміздегі ақылы жолдардың бұрынғыға қарағанда ұзарғанына байланысты көбейіп отыр екен.
Ал жиналған қаржы қайда кетіп жатыр? «КазАвтоЖол» компаниясы бұл қаражат жолдарды күтіп-ұстау, жөндеу және инфрақұрылымды жаңартуға ғана жұмсалатынын айтады.
Жалпы, елдегі ақылы жолдар желісі 26 учаскеге жетіп, жалпы ұзындығы 4,8 мың км болды. Осы уақыт ішінде 61,4 мың м² жол жабындысы жөнделіп, 4,3 мыңнан астам жол белгілері орнатылған. Сондай-ақ жаңа техника жеткізілуі басталды, оның ішінде қысқы күтімге арналған тракторлар бар.
Айтпақшы, барлық қаражат бөлек шотта жиналып, тек жол жұмыстарына жұмсалады-мыс.Яғни, ақылы жолдардан түсетін қаражаттың республикалық бюджетке қатысы жоқ. Жүйе мемлекеттік органдардың бақылауында, қаржылық есеп беру жыл сайын аудиттен өтіп, ашық жарияланады.
- Бұл модель жол сапасын сақтап, бюджеттің жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді және инфрақұрылымды қаржыландырудың сенімді механизмі болып отыр, -делінген «КазАвтоЖол» компаниясы таратқан мәлімдемеде.