KZNews.kz
Мәдениет

“20 жыл”: Марапат алған көше сыпырушысына ел тамсануда

Ayzhan Sylanova

Қарапайым еңбек иесі Базарбай Әбілқазы — тағдыры мен табандылығымен жұрттың жүрегін елжіреткен жан. Ол Қытай Халық Республикасында дүниеге келіп, екі онжылдық бұрын тарихи отанына қоныс аударған. Қазақстанға табан тіреген алғашқы күннен бастап, ол ел игілігі үшін еңбек етуді армандағанын айтады.

Сол арманы орындалып, Базарбай аға бүгінде «Алматы Тазалық» мекемесінде 20 жылдан астам уақыттан бері адал қызмет етіп келеді. Республика күніне орай Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес оған «Ерең еңбегі үшін» медалін табыс етті.

Марапат сәтінде Базарбай Әбілқазы көзіне жас алып, жүрекжарды лебізін білдірді:

«Баршаңызды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мен Қытайда туып-өстім, бірақ әрқашан Қазақстанға оралып, туған елге өз үлесімді қоссам деп армандадым. “Ең болмағанда бір көшесін сыпырсам да, еңбегім сіңсін” деген оймен келдім. Сол тілегім орындалып, бүгін осындай марапатқа ие болдым. Президентімізге зор ризашылығымды білдіремін», – деді ол толқып.

Базарбай Әбілқазының қарапайым еңбегі мен кіршіксіз адалдығы жұртшылықтың жүрегіне жетті. Әлеуметтік желі қолданушылары оның еңбегін ерекше бағалап, жылы лебіздерін жаудырды.

Ayzhan Sylanova
Автордың басқа материалдары