KZNews.kz
Қоғам

“1,5 жасар сәби бар”: Сарыбастауда бүтін бір отбасы өлі күйде табылды

Айжан Сыланова
Фото: alash.kz коллажы

Алматы облысының Райымбек ауданына қарасты Сарыбастау ауылы маңындағы алыс қыстақтардың бірінде бір отбасының төрт мүшесі көз жұмды, деп хабарлайды kznews.kz.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, қайғылы жағдайдың себебі улы газдан, яғни ыстан улану болуы мүмкін, дегенмен бұл ресми түрде әлі расталған жоқ. Қаза тапқандардың арасында 1955 және 1974 жылы туған екі ер адам, 1984 жылы туған әйел және бір жарым жасар сәби бар.

Туыстары бірнеше күн бойы отбасы мүшелерінен хабар ала алмай, қыстаққа барған. Сол жерде олар үй ішінен марқұмдардың денесін тапқан. Оқиға туралы дереу аудандық полицияға хабар берілген.

Ауыл тұрғыны Ерқанат Ақылдосов марқұмдар елді мекеннен жырақ қыстақта мал бағып, оқшау өмір сүргенін айтты. Ол соңғы рет бауыры 30 қаңтар күні ауылға келіп, бензин құйып, машинасын заправкаға қойғанын және 31 қаңтарда туған күні болғанын еске алды. Кешкісін от жағып, пешті толық тартпағандықтан, ыстан улануы мүмкін деп болжайды. Сонымен қатар, үйге кейін барған адамдар ыстың иісінің қатты сезілгенін хабарлаған.

Айжан Сыланова
2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.
Автордың басқа материалдары →