Түркістан облысында төрт баласымен бірге жоғалып кеткен әйел іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды kznews.kz.
Бұл туралы журналист Гүлмира Әбіқай әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді. Оның жазуынша, Отырар ауданында тұратын Ұлдана есімді әйел төрт баласымен бірге 6 шілдеге қараған түні із-түзсіз жоғалып кеткен.
Журналистің айтуынша, сол түні қызының жағдайын білуге келген анасы мен енесі үйге кіргенде, келіншек пен төрт баланың орнында жоқ екенін байқаған. Ол кезде әйелдің күйеуі вахталық жұмыста болған. Туыстары алғашында олардың таныстарына немесе жақындарына кеткен болуы мүмкін деп ойлаған. Алайда келесі күні де хабар болмаған соң полицияға жүгінген.
Гүлмира Әбіқайдың мәліметінше, туыстары Ұлдананың денсаулығына байланысты ерекшелігі бар екенін айтып, оның аңғалдығын біреулер пайдаланып кетуі мүмкін деген күдігін жеткізген. Сондай-ақ олар құқық қорғау органдарының іздестіру жұмыстарына жеткілікті деңгейде көңіл бөлмей отырғанына алаңдаушылық білдірген.
Журналист төрт баламен бірге бір отбасының бір түнде ізім-ғайым жоғалып кетуі қоғамды алаңдататын жағдай екенін атап өтіп, оларды көрген-білген адамдардың әзірге табылмағанын жазды.
“06.07.26 түнде қызының жағдайын білуге келген өз анасы мен енесі Ұлдананың орнын сипап қалған. Келін де, 4 бала да жоқ. Күйеуі вахтада жұмыс істейді. Ауыл арасы, таныстарға кеткен болар деп ертеңіне күтіп-күтіп туыстардың төзімі таусылып полицияға хабар берген.
“Ұлдананың сәл ақыл-ес кемістігі бар, ешкімге зияны жоқ адам. Сол аңқаулығын пайдаланып, алдау-арбауға түсіп қалды ма екен? Ішкі істер органы ықыласпен қарамай отыр” деп жазыпты маған.
Шынында да, туыстардың айтқаны рас болса полиция 6 күннен бері 5 адамды іздемей бейқам жүргені қалай?
Шиеттей 4 баламен бір түнде қайда ғайып болуы мүмкін?
Әдетте, баламен ұбап-шұбаған әйел елдің көзіне бірден түседі емес пе?!
Бірақ, 6 күннен бері Ұлдана мен 4 баласын көрдім-білдім деген жан жоқ?!
Бір отбасы түгел жоғалды десе Сұлтаннан соң қорқып қалдық қой өзі. Бұлар аман болса екен”, - деп жазды журналист.
Қазіргі уақытта әйел мен оның төрт баласын іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр. Оқиғаның мән-жайын құқық қорғау органдары анықтауда.