Сырым елінде ұлан асыр той өтті

0
35

2022 жылдың 1 қазан күні Сырым ауданы орталығы Жымпиты ауылында бір апталық шаралардың соңғы легі өз мәресіне жетті. 1 қазан күні ертемен Батыр, қолбасшы Сырым Датұлының туғанына 280 жыл және көрнекті мемлекет, ұлт қайраткері, алаш зиялысы Жаһанша Досмұхамедұлының туғанына 135 жыл толуына орай өтетін тойға келген қонақтар “Сырым шыққан төбеге” тағзым етті.

Аудан әкімі Төлеген Төреғалиев қонақтарға “қош келдіңіз!” айтып, тек Сырым елі үшін емес, күллі алашқа ортақ той екенін тілге тиек етті.
Дүбірлі тойға келген қонақтар Сырым Датұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.
Тағзым артынша тойтөбедегі аламан бәйгеге мен тазы жарысына ұласты. Іс-шара Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов арнайы қатысып, құттықтау сөзін сөйледі.

​Даладағы дүбірлі додаға жиналған халықтың көпшілігі ат жарысын қызықтауға келгендері белгілі.

Әуелі қиқулаған халықтың назары тазылар жарысына ауды. Әр аудандардан қосылған тазылар әп дегенде суырыла алға шыққандарымен, Бәйтерек ауданынан келген Марат Мұхтаровтың тазысы 1 орынды иеленсе (50 000 т ) 2- 3 орынды Нұрлан Мұхтаровтың тазысы (30 000 — 20 000 тг) ешбіріне бермеді.
Дала дүбірге толып айнала шаңға бөгер сәтте келді.

Атсүйер қалың қауым дүрбілерін қолдарына алды, бапкерлер де толқу үстінде. Әуелі 2 айналымдық “тай жарысы” басталып, соңы 6 айналымдық “топ бәйге” және 8 айналымдық “аламан бәйгеге” ұласты. Дала ат тұяғының дүбіріне толды. Халықтың қиқулаған үні бойды шымырлатады. Бәрінің назары, көкейдегі ойы мәре сызығын алғаш болып қай аттың кесіп өтеріне ауған.
Сонымен үш түрлі бәйгенің толық нәтижесі төмендегідей:

“Тай жарысы” 13 тай

1 орын — Асылбек Жаңабаев, “Қараторғай”
(Ақжайық ауданы), 250 000 теңге;
2 орын-Қалдыбек Нұрпейісов, “Тұмар” (Ақтөбе облысы, Қобда ауданы), 150 000 теңге;
3 орын-Мейрамбек Умиров “Самал” (Қобда ауданы) 100 000 теңге;
“Топ бәйге” 13 ат
1 орын-Темір Кәкім, “Тасқын “ (Теректі ауданы), 800 000 теңге
2 орын-Бекбол Байжарқынов, “Ақмоншақ”, (Ақтөбе облысы), 500 000 теңге;
3 орын — Мақсат Сейталиев, “Айтөбел” (Жаңақала ауданы), 300 000 теңге;
“Аламан бәйге” 12 ат
1 орын — Бекбол Байжарқынов “Месис” (Ақтөбе облысы), 1 000 000 теңге;
2 орын — Мақсат Сейталиев “Бақторы”, (Жаңақала ауданы), 700 000 теңге;
3 орын — Ермек Ибашев “Ақжауын” (Ақтөбе облысы), 500 000 теңге;
Аударыспақ
1 орын — Төлеби Қайыржанов, 50 000 теңге
2 орын — Абай Кенжебаев, 30 000 теңге
3 орын — Жәнібек Жамалов, 20 000 теңге
Арқан тартыс
1 орын — 1987 жылғылар, 50 000 теңге
2 орын — Сарой ауылдық округі, Көздіғара ауылы, 30 000 теңге
3 орын — Өлеңті ауылы, 20 000 теңге
Қой көтеруден
Сайын Алдияр жеңімпаз жеңімпаз атанды.

Дала дүбірінен кейінгі ұлан асыр той «Сырым — айбарым, Жаһанша — байрағым» атты республикалық ақындар айтысымен сабақтасты. Қазақтың төл өнерін тамашалауға халық аншлагпен жиылды. Егде жастағы ата-әжелермен қатар балалардың да қарасы қалың болды.

Айтыстың атасы атанған, халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының төрағасы Жүрсін Ерман сөз додасын жүргізу үшін сахнаға шақырылды. «Қазақтың қасиетті мекені Жымпиты аспанында бүгін рух ұшып жүргендей. Ол рух — хас батыр Сырымның, алаш арысы Жаһаншаның рухы»,—деді Жүрсін Ерман.

Сырым ауданы әкімі Төлеген Төреғалиев дала кемеңгері мен алаш қайраткерін ұлықтауға арналған шараға шақыртуды құп алғаны үшін Жүрсін Молдашұлы мен айтыскерлерге алғысын білдіріп, жаңа Қазақстанға Сырым мен Жаһаншаның ізімен, идеясымен қадам басайық деген пейілін жеткізді.

Айтыс аламанына барлығы сегіз ақын қатысты. Жыр додасын сырымдық Бауыржан Ширмединұлы мен Талғат Мықидың жұбы бастады. Атыраулық Шалқарбай Ізбасаров пен Мұрадым Мирланов сөз қағыстырды. Айтыстың бекзадасы Бекарыс Шойбековпен үш мәрте «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов айтысты. Төртінші болып Сыр сүлейлерінің сынығы Нұрмат Мансұров пен арпа ішінде бір бидай, Нарынның нар қызы Жансая Мусина шықты.

Айтыстың мейманы ретінде келген Жәкен Омаров, Берік Жүсіповтер термелерімен жүректегі шерді қозғап, көрермен көзіне жас үйірді. Әсіресе, Ж. Омаров орындаған Майлықожаның әке мен ана туралы термесі халықты ерекше әсерлендіріп, ой салды.

Халықты қиқулатып, делебесін қоздырған айтыс үш сағатқа жуық уақытқа созылды.

Домбыра асынған ақындар додасы соңында аудан әкімі Төлеген Төреғалиев пен облыстық мәслихат депутаты, «Жібек жолы» шаруа қожалығының жетекшісі Ғанимат Нұрмұханов сахнаға көтерілді. Аудан әкімі сегіз ақынның әрқайсысына елдің атынан ат мінгізілетінін айтты. Ұлттық өнермен халықты сусындату үшін, айтысты ұйымдастыру үшін еңбек сіңірген қос Бауыржанға (Б.Халиолла, Б.Ширмединұлы) алғысын білдірді. Жымпитыға жүйріктерімен келген Жүрсін Ерманға шапан жауып, құрмет көрсетті. Барлық қонақтарға естелік сыйлық пен аудан әкімінің алғыс хаты табыс етілді.

Ғанимат Қайыржанұлы Жүрсін Молдашұлына да ат мінгізді.

Ауданның тойына түске дейін қадірлі қонақтар келіп, тартысты бәйге, Жүрсіннің жүйріктері қатысқан аламан айтыс өтсе, көптен күткен гала концертте өтті.
Бүгінгі той, бұрынғыдан өзгерек болғанында айта кетуіміз керек.

Қорытынды кешке Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, әнші-сазгер Жаскелең Ғайсағалиев бастаған, Тарас Жауынбаев, Камила Шайхиева, Қанат Төлепқали, Данабек Үмбетәлі және жерлесіміз Бекей Қанатов сынды өңірімізге танымал өнер иелері ән шырқады.

Одан бөлек, жас та болса тыңдарманның жүрегінен орын ала білген, көпке танымал, жастардың сүйікті әншісі Садраддин Болат та кештің басты қонағының бірі болды.

Кеш жастардың көңілінен шықса керек, Сырым ауданының орталық алаңында әнсүйер ағайынның қатары қалың болды.

Бір аптаға созылған аудандағы тойдың әдемі нүстесі қойылды.

МҮСІРБЕК АЙТАШЕВ
АЙЖАН БАУЫРЖАНҚЫЗЫ
ШЫНАР МОЛДАНИЯЗОВА