Ресейлік цирк екі айдан бері Қарағандыдан шыға алмай жатыр — Қазақстан жаңалықтары

0

Ресейден келген цирк өнерпаздары Қарағандыда 14 наурыз күні өнер көрсетулері керек болыпты, алайда енгізілген карантин режимінен кейін олардың жоспары іске аспай қалған. Осылайша цирк әртістері мен жануарлары карантин бітпейінше қалада қалуға мәжбүр болған. Ал қазіргі күннің өзінде аңдардың жейтін асының таусылуына аз қалыпты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ekaraganda.kz порталына сілтеме жасап. 

цирк

Мәскеулік цирк директоры Александр Поповтың айтуынша, қазақстандық әріптестері оларға түсіністікпен қарауда. Жалпы жағдайымыз жаман емес деген ол қарағандылық цирк өкілдері барынша көмектесіп жатқанын айтады. 

«Біз ақпан айының соңына қарай келдік.14 наурыз күні өнер көрсете алмай қалдық. Өйткені шектеулер қойылды. Осында қала тұруымызға тура келді. Ресейлік елшілік біз туралы біледі. Труппамыздың жартысын, яғни 15 адамды отанға қайтардық, қалған 17-сі жануарларды қарауға қалды. Елшілік бізді эвакуациялауға дайын, бірақ біз аңдарды тастай алмаймыз. Ал оларды көлікпен тасымалдау біраз шығынға батыруы мүмкін. Оның үстіне өтпей қалған іс-шарамыз тағы бар», — дейді мәскеулік цирк басшысы. 

Хайуандардың жағдайы жаман емес. Оларды тексеруге ветеринар маман жиі келіп тұрады екен. Десек те ең қиыны жануарлардың тамағы бітейін деп қалыпты. 

«Цирк аңдарының тамағы таусылайын деп тұр. Біз Қазақстанда екі айға жуық жатырмыз. Осыншама жануарларға өз қалтамыздан ақша шығарып, тамақ сатып ала алмаймыз. Бізде бес аю, маймылдар, жанаттар мен иттер бар. Олардың іштері пыспайды, өйткені күнделікті дайындық жасап тұрамыз. Ең басты мәселе — тамақ тапшылығы. Қазірге жетеді. Бірақ жақын арада бітіп қалатыны белгілі. Сол себепті біз қарағандылықтардан көмек сұрағымыз келіп отыр», — дейді Александр Попов. 

Сондай-ақ мәскеулік цирк әртістері барлық жағдай оңалып, бұрынғыдай жұмыстарына көшеміз деген ниетте. 

 

stan.kz