Қостанайлық полицейлер биыл интернет алаяқтарының 60 қылмысын әшкереледі

0
77

«Сатушылар» өзінің шотына ақша түсісімен жым-жылас жоқ болады. Рудный қаласында тұратын 38 жасар әйел алаяқтың банктегі шотына 130 мың теңге аударған. Әйел жеңіл машинасына двигатель алмақшы болған. Ол ақшаны аударысымен тауар да келмеген, «сатушы» да ізім-қайым жоқ болған, жауап бермеген. Тағы бір тұрғын өзінің тонын сатқысы келіп, оны кең тараған ОЛХ сайтына шығарады да, өзінің ұялы телефонының нөмірін көрсетеді. Оған осы нөмір арқылы алаяқ қоңырау шалады да, өзінің тонға төлейтін ақшасын сатушының банктегі шотына салуды ұсынады. Снымен қатар оның Интернет –банкингтегі SMS-паролін де сұрап алады. Осыдан кейін зардап шегушінің банктегі жеке шотында жатқан қаржысының барлығын алаяқ алып кетеді. Қазір полицейлер сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын жүргізуде.

«Қазір интернет-алаяқтар өте белсенді жұмыс істейді. Олар соңғы кезде адамдардың банктегі шотын, электрондық құпия сөздерін біліп алады да, шабуыл жасайды. Сондықтан сайттар мен әлеуметтік желілерде автобөлшектерді, ұялы телефондарды, басқа да тауарларды арзан бағамен ұсынғанда оның ақысын банк шоттары мен электрондық «әмиян» арқылы аударуға болмайды, интернет алаяқтары осы арқылы торына түсіреді» дейді Облыстық полиция департаменті Қылмыстық полициясының аға жедел уәкілі, полиция капитаны Айдар Мусин.

Сонымен қатар полицейлер интернет арқылы несие рәсімдеуге болмайтынын, несиені тек Қазақстан Республикасындағы банктердің арнайы өкілдері ғана рәсімдейтінін ескертеді. Интернет және телефон арқылы тауар алуды рәсімдемеуге кеңес береді.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай

Дереккөз: http://egemen.kz/