Алматыда студенттің ажалына ұялы телефон себеп болды

0

Жанары жасқа шыланған ана баламның өліміне бірнеше адамның қатысы бар дейді

Алматыда құрдасының қолынан қаза тапқан колледж студенті Дастан Мұсаханның өліміне ұялы телефон себеп болған.

Марқұмның анасы Динара Ыдырысованың айтуынша, ұлының телефонын староста тартып алғаннан соң курстастар арасында ерегіс шығып, кикілжің адам өлімімен аяқталған. Бала сол күні әдеттегідей сабаққа кеткен. Түстен кейін оқу ордасынан қоңырау шалып, ұлының талып қалғанын жеткізіпті, деп хабарлады КТК. 

«Күйеуіміз екеуміз бірге бардық. Барғанда бала өліп жатты. Бізді жақындатпады, кіргізбеді, көрсетпеді. Артынан бәрі біткеннен кейін кіргізіп көрсетті. Баламыздың бетін ғана көріп үлгердік», — дейді азалы жан.

Дастан Мұсахан биыл 9-шы сыныптан соң Алматы телекоммуникация және машина жасау колледжіне түсіпті. Қайғылы оқиға болған күні сабақ үстінде староста марқұмның қолындағы телефонын тартып алады. Кейін сыртқа шығып қайтарып алмақ болғанда бір топта оқитын студенттер арасында кикілжің басталған көрінеді.

Жанары жасқа шыланған ана баламның өліміне бірнеше адамның қатысы бар дейді.

«Тек бір бала ғана мойнына алып отыр. Мен бұған сенбеймін. Себебі, қасындағы екі баланың қатысы бар деп ойлаймын», — дейді Динара Ыдырысова.

Сараптаманың қортындысында басына қан құйылған деп жазылған. Яғни ауыр затпен соққы жасалған.

Колледж қызметкерлері кәмелет жасына толмаған күдіктінің бүгін де сабақта болғанын растады. Бірақ полицейлердің мәліметі мүлдем басқа.

«Сезіктіні уақытша оқшаулау абақтысына қамауға шешім қабылданды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр. Күдіктіге «абайсызда кісі өлтірді» деген айып тағылған», — дейді Алматы қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.