Семейде 25 жолсерікті екі жыл бойы бопсалап келген блогер сотталды

0

Семейде теміржол қызметкерлерін бопсалаған блогерге сот үкімі шықты. Енді 34 жастағы азамат алдағы 3,5 жылын теміржолда өткізеді. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі KTKарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Жергілікті тұрғын 2 жыл бойы жолсеріктерді қорқыту арқылы ақша алып отырған.

Семейден қатынайтын жолаушылар пойызына мініп, қызметкерлерді масқаралайтын видео түсірген. Сосын өзін блогер және қоғам белсендісі ретінде таныстырып, әлеуметтік желіге жариялаймын деп қорқытқан.

Сосын теміржол қызметкерлері қорыққандықтан ақша берген. Осылайша блогер екі жыл ішінде 10 миллион теңгеден астам ақша алған. Бопсалаушының бұл әрекетінен 25 жолсерік зардап шеккен.

Енді блогер үш жарым жыл түрмеде отырып, жәбірленушілердің шығынын толық өтеуге міндеттелді.

“Қылмыстық кодекстің 58 бабы 3-бөлігі бойынша жеңіл жазаны ауыр жазаға ауыстырып, 3,6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтесін. Жаза үкім заңды күшіне енген күннен бастап есептелсін”, – деді судья.

Еске салайық, 2023 жылы Семейде 60-тан астам пойыз жұмысшысын бопсалады деп айыпталған блогер ұсталған еді. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, ол жолаушының атын жамылып, пойызға мініп, жолда орын алған заңбұзушылықтарды ұялы телефонына жазып отырған. Содан кейін оларды таратамын деген сылтаумен ақша бопсалаған.