Қазақстан Ауғанстан мен Сирияға да қарыз  

0

Қазақстанның сыртқы қарызы бір жылда 11 миллиард долларға көбейген. Еліміз Қытайдан 39 миллиард доллар қарыз алып, аспанасты елінен ірі қарыз алушылар тізіміне еніп отыр. Ұлттық банк бүгінде еліміздің өзге мемлекеттерге берешегі 164,1 млрд долларға жеткенін хабарлады. Басқаны былай қойғанда Қазақстан қарыз алған мемлекеттердің қатарында Ауғанстан мен Сирия да бар екен. Ал еліміздің сыртқы қарызының ең үлкен сомасы Нидерландияға тиесілі. Еліміздің бұл елге 44,7 миллиард доллар қарызы бар көрінеді.

Ұлттық банк өкілдері елдің сыртқы қарызы бюджеттің немесе халықтың қаражаты есебінен төленбейтінін айтады. Өйткені сыртқы борыштың шамамен 80 пайызы  коммерциялық  ұйымдардың берешегіне жатады.

Экономист-сарапшы Расул Рысмамбетов квазимемлекеттік секторлың қарызын  мемлекеттің қарызы деп айтуға болатынын алға тартады.

– Мәселен, «Тенгизшевройл» «Шеврон» компаниясына қарыз десек, мұндайда мемлекеттің ешқандай қатысы жоқ. Екіншіден, мемлекеттің сыртқы қарыздарын ашық ету керек. Квазимемлекеттік сектордың қарыздарын да бөліп қарастырған жөн . Мемлекеттік қарыздың ашық, айқын статистикасын көрсетуі қажет.  Бюджеттің басым бөлігі Ұлттық банк арқылы іске асады. Бюджеттен сыртқы қарыздарды төлеуге қаражат бөлінеді. Сыртқы қарыздарды төлеу оңай емес.

Үкімет бюджетті қысқартқысы келмейді, қаржы әкелмейтін салаға қаржы құюды белсенді түрде жалғастырады. Мемлекет қарызы квазимемлекеттік сектордың қарызымен біріксе, Қазақстанның сыртқы елдерге берешегі қауіпті жағдайға әкелуі мүмкін. Бірден банкротқа ұшыратпаса да, мемлекетке кіріс әкелетін Ұлттық қорға салмақ түсуі мүмкін,– дейді.

Сондай-ақ ол Қазақстанды әкесінің табысы мен әжесінің зейнетақысына күнелтіп жатқанға жасөспірімге теңеді.

–«Әке депозиті» Ұлттық банк болса, «Әже депозиті» – зейнетақы қоры. Біз сонда 30 жасқа толған әкесінің депозитін жұтып әрі әжесінің зейнетақысын «сорып» отырған жасөспірімнің күйін кешудеміз. Ертең қалай өмір сүретінімізді не Үкімет, не басқасы айтқаны есімде жоқ. Бес жылдан кейін немен төлейтініміз, қалай дамитынымыз белгісіз, – дейді сарапшы.