Қазақ тілін білмейтіндерді Ресейге депортациялап, лагерьлерге қамайық

0

Отандық жазушы қазақ тілін оқытудың өте радикалды әдістерін қолдану арқылы ғана мемлекеттік тіл мәселесін шешуге болады деп санайды.

Қазақстанда қазақ тілінде сөйлемейтін азаматтардың саны жүз мың емес, миллиондап есептеледі. Бұл туралы ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Арман Қани өз ойын айтты

«Қазақстанда мемлекеттік мәртебеге ие қазақ тілін меңгермеген азаматтардың саны жүз мыңдап емес, миллиондап саналады! Ондайлар Үкімет пен Парламент төрінен бастап ауылдық кеңестер мен ауыл әкімдіктерінің кеңселеріне дейін отыр. Қазақша айтылған сауалдың мағынасын түсінбейтін министрлер мен мемлекеттік тілдегі төрт сөйлемнен тұратын ант мәтінін оқи алмайтын мәжіліс депутаттары біздің елде ғана бар шығар. Сол «шіркіндердің» орысша сөздеріне құлағы үйреніп, еті өліп кеткен жеке меншік мекемелердің қызметкерлері қазақ тілін керек қыла ма? Ал ондайларға тілді мәжбүрлеп оқыту, үйрету заңнамада және бағдарламаларда қарастырылмаған.

Менің ойымша, қазақ тілін үйретудің мынадай бес әдісін қолдансақ қана мемлекеттік тілдің мәселесін шеше алатын сияқтымыз:

1. Қазақша қақпайтын министрлер мен Парламент депутаттарына, сондай-ақ барлық деңгейдегі шенеуніктер мен халық қалаулыларына Елбасының: «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген аталы сөзінің мән-мағынасын түсіндіріп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу;

2. Мемлекеттік тілді білмейтін шенеуніктерге, жеке меншік нысандар иелеріне, кәсіпкерлерге қазақ тілін үйренгенінше ай сайын ірі мөлшерде айыппұл салып отыру. Нәтиже шықпаса қызметінен босату;

3. Мемлекеттік тіл салтанат құрмаған мемлекеттік және жекеменшік мекемелерді, ұйымдарды (Президент әкімшілігі, Үкімет, Парламенттен бастап барлық деңгейдегі мемлекеттік мекемелер, халыққа қызмет көрсету нысандары, жекеменшік сауда орындары, т.б.) тарқату, жұмысын тоқтату, тек қазақ тілін меңгерген, сонымен қатар, қажеттілігіне қарай орыс, ағылшын тілдерінде еркін сөйлей алатын кадрлармен жасақтап қайта құру;

4. Мемлекеттік тілді білмейтін шенеуніктерді, жеке меншік нысандар иелерін, кәсіпкерлерді Қазақстан азаматтығынан айырып, Ресей Федерациясына көшіріп жіберу;

5. Мемлекеттік тілді мәжбүрлеп оқыту лагерьлерін ашып, қазақша қақпайтын шенеуніктерді, кәсіпкерлерді белгілі бір мерзімге қамау, тек қазақ тілінен емтихан тапсыра алғандарын ғана еркіндікке шығару.

Қазақ тілін мәжбүрлеп үйретудің осындай бес әдісі ғана ойыма келіп тұрғаны…

Ал кең қолданыста жүрген мемлекеттік тілді білмейтін азаматтардың аты-жөнін, қызмет орнын БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы жұртшылыққа жария етіп масқаралау, тіпті ар-ожданын қорлау әдісі нәтиже берсе, кәнеки.

Сонымен, мемлекеттік тілдің мәселесін қайткенде шеше аламыз? Кімде қандай пікір, ұсыныс бар? Мархабат» деді жазушы Арман Қани.