Қазақ боксшылары Парижден кемі бір алтын алады — Ермахан Ыбрайымов

0

Боксшы, халықаралық спорт шебері, 2000 жылғы Сидней Олимпиадасының жеңімпазы Ермахан Ыбрайымов Парижде қай боксшыға сенім артатынын айтты. 

— Ермахан Сағиұлы, алдағы жазғы Олимпиадада қай боксшыдан үміт күтесіз?

— Негізі алдын-ала анау алтын, мынау күміс, ол қола алады деп айту дұрыс емес. Ондай болжам ұлттық құрамдағы әрбір боксшыға кері әсерін тигізбесе, пайдасын әкелмейді. Сондықтан, барлығынан үміт күте білейік, барлық боксшымызға сенім арта білейік. Қазіргі ұлттық құрамда жүрген жігіттеріміздің бірі — әлем чемпионы, бірі — Азия ойындарының жүлдегері. Бәрінің де көп-көрім жетістіктері, тәжірибелері бар. Сондықтан, өз басым бәріне сеніммен қараймын. Кейде, мүлдем сен ойламаған, мен ойламаған бір боксшы жарық етіп шыға келуі мүмкін. Менің ойымша, қазақ боксшылары Парижден кемі бір алтын алады.

— Токио Олимпиадасына дейін әр төртжылдықтың басты додасынан боксшыларымыз алтынсыз келмеген болатын. Тіпті, 69 келі «қазақтың салмағы» атанып кеткен. 2020 жылдағы сәтсіздікті ақтап алуға бола ма?

— Бір Олимпиадада алтынсыз қалғанымыз қазақ боксының құлап қалғанын, құлдырап кеткенін білдірмейді. Ол біздің боксшылар үшін де, бапкерлер үшін де үлкен сабақ болды. Енді, Парижде сол кеткен олқылықтың орынын толтырып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Ринг ешқашан қателікті кешірмейді. Сол үшін мен боксшыларымыздың барынша шаршы алаңда қателікке бой алдырмай, бапкердің тапсырмасын бұлжытпай орындауға тырысу керек. Жаттықтырушының кеңесін ешқашан ұмытпау керек. Шаршы алаңда жұдырықпен бірге басты да істете білулері тиіс. Сонда ғана жеңіс тұғырына шығуға болады.

— Бұл күндері еліміздің бокс федерациясында кадрлық өзгерістер болып жатыр. Бұл басты дода алдында бізге не беруі мүмкін?

— Кадрлық ауыс-түйіс боксшыларымыздың жаттығуына кері әсерін жасамауы керек. Ең бастысы ұлттық құраманың бас бапкері өз орнында қалды. Олимпиада ойындары тақап қалғанда басшылық өзгергенімен бапкерлік құрам өзгермеуі тиіс. Бұл — менің жеке көзқарасым. Енді, жаңа келіп жатқан басшылық боксшыларымызға қолдау көрсетіп, алаңсыз Олимпиадаға дайындалуына бар жағдайды жасайды деген үміттеміз.

— Ұлттық олимпиадалық комитетінде де үлкен өзгерістер орын алғалы жатқанын естіп жатырмыз. Аталған мекемені белгілі кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин басқарады деген әңгіме әлеуметтік желіде желдей есіп жүр. Осы туралы не айтар едіңіз?

— Бұл әңгімені мен де өздеріңіз сияқты сол әлеуметтік желіден естіп, оқып отырмын. Нақтысын білмеймін. Оны олимпиадалық комитеттің өзінен сұрау керек шығар.

— Егер, Головкин келген жағдайда бұл жауапты қызметтің «жүгін» көтеріп жүре алады деп ойлайсыз ба? 

— Мүмкін. Ол жалғыз болмайды ғой. Кеңесшісі, көмекшісі болады дегендей. Оны уақыт көрсетеді.