Алматы облысында әскерден келген сарбазды аспанға оқ атып күтіп алған

0

Алматы облысында әскерден оралған сарбазды аспанға оқ жаудырып қарсы алған. Видео әлеуметтік желілерде пайда болды, — деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі.

Кадрларда ауылдардың бірінде сарбаздарды туыстары күтіп алғаны көрінеді. Бір мезгілде бірнеше адам қарумен оқ атқан.

Алматы облысының Полиция департаменті бұл оқиға Қарасай ауданына қарасты Көксай ауылында болғанын хабарлады.

«Әлеуметтік желілерде жүргізілген мониторинг барысында 30 сәуірде Қарасай ауданы, Көксай ауылында оқ атып, бұзақылық жасау дерегі анықталды. Тәртіп сақшылары 21 және 23 жастағы екі ер адамды анықтап, аудандық полиция басқармасына жеткізді», — деп хабарлады полицейлер.

Оқ атылған қару тиісті сараптамаға жіберілді.

«Полицейлер атыс қаруын қолдану арқылы жасалған бұзақылық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады», — деп толықтырды полиция.