«Қаһарман ұлт» жобасы аясында қала жастарымен А.Байтұрсынұлы мұражайында экскурсия өтті

0

«Ахмет қазақ  ұлтына жанын аямай  қызмет   қылды.Халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі  үшін бір басын бәйгеге тікті»

                                                                                                 Сәкен Сейфуллин

Қазақ топырағы қай заманда да небір алыптарды өмірге әкелген киелі топырақ екені ықылым заманнан белгілі.Сол дарындардың арасынан дараланып тұратын,дара талғам иесі,бүгінгі мақаламызға мәйек болып отырған кейіпкер-Ахмет Байтұрсынұлы.А.Байтұрсынұлы дегенге ең алдымен ойға «Әліппе» оралады.Осыдан ақ «А.Байтұрсынұлы кім?» деген сұраққа жауап табылғандай. Ахмет Байтұрсынұлы- алаштың көрнекті қайраткері, ағартушы-ғалым, ұлт ұстазы, әліппенің атасы, қоғам кайраткері, ақын, әдебиеттанушы, лингвист, аудармашы, публицист. Оның әр еңбегі бүгінгі ұрпақтың болашағы үшін жазылған. Асыл азаматтың алтын қаламынан тамған ақ өлеңдей сөздері ұлт жадында. Ахмет атамыздың аудармалары – түпнұсқадан ерекшеленіп, өзгеше өң мен бояу арқылы жаңа бір өнер туындысы деңгейіне дейін көтерілген көркем туындылар.Осынша кереметті келешектің еншісіне қалдырған ұлт ұстазының ұлағатты өмірімен танысу үшін Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «Қаһарман ұлт» жобасы аясында қала жастарымен А.Байтұрсынұлы мұражайында экскурсия өтті.Экскурсия А.Байтұрсынұлы өмірінің соңғы күндерін өткізген мұражай үйінде қала жастарының қызығушылығымен бірнеше сағатқа жалғасты. Бұл үйде Байтұрсынұлы 1934 жылдары тұрған. 1998 жылы Байтұрсыновтың туғанына 125 жыл толуына орай мұражай-үй күрделі жөндеуден өткізіліп, құрылымы, сәулеттік сыртқы пішіні, ауласы бұрынғы қалпын тапты. Мұражай-үйдің бөлмелерінде орналастырылған заттардың көбісі жақын-туыс жанашырларынан алынған. Онда Байтұрсынұлы өміріне байланысты мұрағаттық материалдар, түрлі құжаттар, қолжазба мұралары, фотосуреттер, сирек кездесетін кітаптар қойылған. Қала жастары үшін «Қырық аңыз», «Маса», «Оқулық», «Тіл білімі», «Баяншы», «Ер Сайын», «Бастауыш», «Жаңа астар», «Диплом» қолжазбалары үлкен қызығушылық туғызды.Қала жастары экскурсиядан патриоттық сезіммен,білімге деген құштарлықтары артып шықты.Демек, «Қаһарман ұлт» жобасының негізгі миссиясы орындалды деп сенеміз. Ахмет Байтұрсынұлы – біздер үшін идеал тұлға! Ұлтты сүйсеңіз, Ахметтей сүйіңіз!