Украинадағы соғысты айыптап жүрген шіркеу қызметкері Иаков Воронцов полицияға шақырылды

0

Украинадағы соғысты айыптап жүрген қазақстандық шіркеу қызметкері Иаков Воронцовтың үстінен белгісіз біреу полицияға арыз түсіріп, дін қызметкері полицияға шақырылған. Шіркеу қызметкері бұған Ресей арнайы қызметінің қатысы болуы мүмкін деп топшылайды.

Воронцовтың сөзінше, оған «Әлеуметтік, ұлттық, тектік, нәсілдік немесе діни алауыздық қоздыру» бабының (ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы) мазмұнын түсіндірген.

«2 тамыз күнгі жазбама байланысты арыз түскен. Онда мен орыс фашизмі мен шіркеу туралы пікірлерімді жазған едім. Маған 174-баптың мазмұнын түсіндірді. Түсініктеме жаздым. Пікірлерімнен бас тартпаймын. Алауыздық және жек көрушілік тудырғым келмеген. Керісінше барлық халық пен адамдарға бейбітшілік пен береке тілеймін. Өзімнің пікірлерім үшін жауап беруге дайынмын» деп жазды Воронцов Facebook парақшасында.

Азаттыққа берген комментарийінде полицияға кім арыз түсіргенін білмейтінін айтты. Полиция қызметкерлері оған аты-жөнді жасыруға мүмкіндік беретін eOtinish сайты арқылы арыз түскенін айтқан.

Ол бұл әрекеттің ар жағында Ресей арнайы қызметі тұруы мүмкін деп болжайды.

Полиция қызметкерлері Воронцовқа түсініктеме жаздыртқан, ол 174-бап бойынша қылмыстық іс қозғаудан бас тарту үшін қолданылады деп айтқан.

«Түсініктеме жазғым келген жоқ. Соңына дейін бас тарттым. Белгісіз адамның арызына бола ақталуға міндетті емеспін деп ойлаймын. Полициядағылар егер түсініктеме жазбасаң, онда лингвистикалық сараптама жасауға тура келеді деді. Онда сараптама менің жазбамнан 174-бап бойынша қылмыстық іс қозғауға негіз табуы әбден ықтимал» деді Воронцов.

Иаков Воронцов — қызметін қазақ тілінде жүргізетін Орыс православ шіркеуінің бірінші дін қызметкері. Ресей басқыншылығы басталғаннан кейін шіркеу қызметкері соғысты айыптап, Қазақстан ҰҚШҰ-дан шығуға тиіс деп айтқан. Иаков сонымен бірге Орыс православ шіркеуі бекіткен «билік вертикалін» қатаң сынап, қазақстандық шіркеу приходы Мәскеу патриархынан тәуелсіз болуы керек деп үндеу тастаған.

Биыл маусымда ол Орыс православ шіркеуіндегі қызметін тоқтатқан. Өзінің айтуынша, бір жылдан бері Қазақстан митрополит округы басшылығы «өзін аңдып келеді».