NQZ-ALA-NQZ – 8 миллион теңге: Үкімет ұшақ жалдауға жыл басынан бері қанша қаржы жұмсады?

1

Нұр-Отанға тиеселі «Нұр-Медиа» холдингына қарайтын «Айқын» басылымы Ербол Мәндібектің жазбасы туралы зерттеу жасап, жариялағанда таң қалған болатынбыз. Арада көп өтпей жазба сайттан өшірілді. KzNews тәуелсіз басылым, сондықтан «Айқында» жарияланған зерттеу мәтінін сайтқа салуды жөн көрдік.


 

Журналист Ербол Мәндібек Facebook-те Үкіметтің авиациялық шығыны туралы жазды. Жазба желі қолданушыларының қызу талқысына түсті. Желіде резонанс тудырған жазбадағы деректердің рас-өтірігін Aikyn.kz анықтап көрді.

«Бизнес санаттағы ұшақтың бір сағаты кемі 5000 еуродан басталады. 10 сағат жалдасаңыз, 50 мың еуро. Ұлттық валютамен есептесеңіз, шамамен 25 миллион теңге. Бұл – бір бағыттың ғана шығыны. Ал халықаралық ұшулар құны 40 мың еуродан басталады. Жылына кемінде ішкі және сыртқы 30-40 жұмыс сапары жоспарланады», – деп жазды Ербол Мәндібек.

ҚР Премьер-Министрінің кеңсесі мемлекеттік сатып алу сайтында ҚР Президенті Іс басқармасының «Бүркіт» мемлекеттік авиакомпаниясымен 1 жылға келісімшарт жасасқан. Онда 2021 жылдың 1 қаңтарынан 31 желтоқсанына дейін жолаушыларды кестесіз тасымалдау әуе қызметінің (ішкі және халықаралық) жалпы сомасы 578 миллион теңгеге бағаланған.

Тендер алғашында ашық конкурс бойынша өткізілген. Бірақ, біреуден артық өтінім түспегендіктен, «Бүркіт» мемлекеттік авиакомпаниясы әлеуетті өнім беруші ретінде шақырылып, бір көзден сатып алу тәсілімен шарт жасалады.

Шарт бойынша, «Бүркіт» мемлекеттік авиакомпаниясының бір ұшу сағатының құны – 2 276 400 теңге (4560 еуро).

Мемлекеттік сатып алу сайтындағы мәлімет бойынша, жыл басынан бері мемлекет қазынасынан «Бүркіт» мемлекеттік авиакомпаниясының шотына 63 миллионнан астам теңге аударылған. Ол қаржыға CL-850 UP-C8502 ұшағымен 4 рейс (бару-келу) орындалған.

CL-850 UP-C8502 ұшақ
CL-850 UP-C8502 ұшағы. Фото: Jetphotos.com

Сатып алу порталының мәліметінше, 21 қаңтарда Нұр-Сұлтан – Алматы – Нұр-Сұлтан бағытына 8 миллионнан астам теңге (19 459 доллар) жұмсалған. Жолаушылары туралы ақпарат көрсетілмеген.

26 қаңтарда таңғы 7.00-де осы ұшақпен Нұр-Сұлтаннан Внукова әуежайына дейін (Мәскеу) барып және 27 қаңтар 16.00-де қайтуға 17 млн. 642 мың теңге (35 338 еуро) жұмсалған.

10 ақпанда түнгі 02.00-де Нұр-Сұлтан – Алматы – Внукова әуежайына дейін және 11 ақпанда 16.00-де Внукова – Нұр-Сұлтан бағытына 24 млн. 289 мың (48 666 еуро) теңге жұмсалған.

10 наурызда Нұр-Сұлтаннан Ақтауға түнгі 03.50-де ұшып, таңғы 09.35-те кейін қайтуға 13 млн. 89 мың теңге жұмсалған.

Бұл бағыттарда нақты кімнің ұшқаны жазылмаған.

Келісімшарт бойынша Премьер-Министр кеңсесінің жолаушыларын таситын авиакомпанияға мынадай талаптар қойылған:

1) авиациялық көрсетілетін қызметтер саласында кемінде 2 жыл жұмыс тәжірибесінің болуы;

2) мемлекеттік органдар үшін Қазақстанның аса маңызды ұшулары мен өзге ұшуларын ұйымдастыру мен жүзеге асырудың кемінде 2 жыл тәжірибесінің болуы;

3) Нұр-Сұлтанда меншікті ангар кешенінің болуы;

4) ұшуларды жүзеге асыру қажетті рұқсаттамалары бар меншікті білікті ұшу құрамының (пилоттар – 2 адамнан кем емес, бортсерік) болуы;

5) авиациялық техникаға қызмет көрсету үшін қажетті рұқсаттамалары бар меншікті білікті және инженерлік-техникалық персоналының – 1 адамнан кем емес болуы;

6) заманауи әуе кемелерінің меншікті паркінің болуы – VIP-салондармен, VIP-персоналдарға арналған жолаушы орнының шектелген санымен жарақталған кемінде 1 бірлік;

7) пайдаланушы сертификатының болуы;

8) ұшулардың толық қауіпсіздігін қамтамасыз етуі;

9) өзара есеп айырысуларды іс жүзінде орындалған рейстер үшін жүргізуі;

10) ұшу сағатының құны шынайы болуы және әуе кемесін пайдалануға байланысты барлық шығындарды (отын, метеоқамтамасыз ету, аэронавигация, әуежайлар қызметтерін, экипажға арналған шығыстарды, жолаушыларға қызмет көрсетуді және т.с.с.) қамтуға тиіс;

11) қажет болған жағдайда (төтенше жағдайлар) әуе кемесінің талап етілетін маршрут бойынша (күнбе-күн) шұғыл ұшуын қамтамасыз етуге тиіс. Қызметті ұсыну мерзімі – 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап 31 желтоқсанды қоса алғанда.