Маңғыстаулықтар тағы да митингке шықпақ

0

Маңғыстаулық шаруалар жем-шөп бағасын түсіруді сұрап, бейбіт митинг өткізу жөнінде жергілікті әкімдікке өтініш берген. Қазіргі күнге дейін жауап берілген жоқ, деп хабарлайды kznews.kz сайты inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап. 

«Shopan Ata» ұлттық мал ɵсiрушiлер қауымдастығы 2 ақпан күні Ақтаудағы «Ақбота» саябағының қасындағы автобекет жанында Нұрс-Сұлтан қаласының уақытымен 11.00-13.00 аралығында бейбіт акция өткізуге биліктің рұқсат етуін сұраған. Оған қатысатын адам саны шамамен 200 деп көрсетілген, қойылатын талап: жем бағасын келісіне 50 теңге, шөпті 500 теңге, шөптің рулонын 8 мың теңге қылып белгілеу. Бұдан бөлек, шаруалар жиында санитарлық-эпидемиологиялық талаптар орындалатынын, қазіргі заң талаптарына сәйкес, ешқандай ұрандар ұстап шықпайтынын, тәртіпті қатаң ұстанатынын ескерткен.

Осы мәселе бойынша әлеуметтік парақшасында «Маңғыстау облысында биылғы қуаңшылықта малдың 70 пайызы қырылып қалды» деген деректі жария еткен «Shopan Ata» ұлттық мал ɵсiрушiлер қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев та, Маңғыстау облыстық әкімінің баспасөз қызметі де сауалымызға жауап бермеді.  Белгілі болғандай, өтініш берген шаруалар облыс әкімі Нұрлан Ноғаев орнында болмағандықтан, құжаттарын әкімдіккке тапсырып кеткен.

«Айына бүгінгі бағамен жем-шөпке жарты млн.теңгедей ақшам кетеді, бағуға шамам келмейтін болғасын амалсыз осында көмек сұрап келдік», — дейді фермер Киікбай Өтетілеуов.

Шаруалар нағыз қыстың қаһары енді басталатынын алға тартып, тыс болмаса ақпан-наурыз айларында мал азығының төмен бағамен ұсынылғанын қалайды.

Қазіргі таңда басқа өңірден келген шөп рулоны жол шығыны мен жанармай бағасы қосылып, 12 500-13 000 теңгеге жетіп тұр. Мұнай компанияларының қаржылай қолдауының арқасында жем бағасын келісіне 75 теңге қылуға қол жеткен. Алайда, бюджеттен қаражат бөлініп, демеушілер көмектесіп, басқа өңірлердің де маңғыстаулық шаруаларға қолдан келгенше жәрдемдесіп жатқанына қарамастан төрт түліктің жем-шөбін сұрап отырған деңгейге дейін арзандату мүмкін болмай отыр.