Ингушетияда митингіге қатысқан азаматқа айыппұл салынды

0

Ингушетияда сот 26 наурызда өткен митингіге қатысқан Илез Барахоевке 20 мың рубль (311 доллар) айыппұл салды. Сот оны митинг өткізу ережесін бұзды деп тапқан. Бұл туралы «МБХ медиа» жазды.

Илез Барахоевтің әкесі, елде өтіп жатқан митингілерді ұйымдастырушылардың бірі 65 жастағы Ахмед Барахоев 10 күнге қамалған соң, абақтыда аштық жариялап отыр. Билік оған алдын ала ескертпескен митинг өткізді деген айып таққан.

2019 жылы 26 наурызда Ингушетия астанасындағы орталық алаңға шыққан мыңдаған белсенді Шешенстанмен арадағы «жер мәселелерінің» әділ шешілмегеніне наразылық танытқан. Бұған қоса көрші аймақпен шекараны анықтау мәселелер бойынша жалпыхалықтық референдум өткізуге тыйым салынуына да қарсылық білдірген.

Даулы келісімге былтыр қыркүйекте Ингушетия басшысы Юнус-Бек Евкуров пен Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров қол қойған.

Қарай отырыңыз: Ингуш-шешен жер дауы

3 сәуірде полиция «жер митингілеріне» қатысқан белсенділердің үйін тінтіген.

1991 жылы Шешен-Ингуш АССР-і таратылғалы екі аймақ арасындағы шекара нақты белгіленбеген болатын. 2018 жылы екі ел билігі өзара жасасқан келісімде өзара жер алмасу туралы баптар бар.

Ингушетияда тұрғындар Шешенстанмен жер алмасу әділ емес, бұл құжат Ингушетияның мүддесіне нұқсан келтіреді деп бұған дейін де қарсылық танытқан.

Azattyq