Тазы мен төбетке жойылу қаупі төніп тұр

0

Итбегі Естай Туғанбай қақпасын ашып, ішке шақырды. Аулада алдымыздан тазы тұқымдас екі ит – Ақжелке мен Лашын шықты. Кербез, ұзын тұмсық иттер қонаққа еппен жақындап келіп иіскеп өтті де, күдікті ештеңе байқалмаса керек, жайына кетті.

ТАЗЫ: «МОЙЫНДАЛМАҒАН ТҰҚЫМ»

Естай бірнеше жылдан бері тазы ұстап жүр. Бұған дейін лайка, такса, питбуль асыраған, бірақ тазыны көргенде қажет тұқымды тапқанын түсінген.

Естай Туғанбай және оның тазы иттері. Алматы, 5 сәуір 2019 жыл.

Естай Туғанбай және оның тазы иттері. Алматы, 5 сәуір 2019 жыл.

— Тазы – ерекше әрі есті ит. Оны арнайы үйретудің керегі жоқ, адамның қасында жүріп, өз тұқымына тән қасиеттерді сіңіріп алады. Бірақ асыл тұқымды тазы асыл тұқымды жылқы сияқты өте талапшыл: оған арнайы жағдай жасау үшін біраз шығындаласыз, оның үстіне тұқым туралы жақсы білу керек. Міне, үйшікке қараңыз, жылытылатын еден орнаттық, ит жылуды жақсы көреді. Тамағына қатты көңіл бөлу керек. Қымбат құрғақ азық берсе болады, бірақ сапалы ет пен ботқа сияқты дәстүрлі қоректі дұрыс санаймын. Тамағы құнарлы, бірақ аз болуы тиіс. Ит тым тойып алса, әрең қозғалады, – дейді Естай.

Естай Туғанбайдың айтуынша, асырап отырған иттердің арнайы күн тәртібі жоқ. Олар уақытының көбін үйдің ауласында өткізеді, еркін қозғалуға орын жеткілікті. Итбегі оларды арасында қала сыртына алып шығып, табиғат аясында жүгіртіп алады. Аңшылыққа дайындаған кезде жаттығу басталады, рационды өзгертіп, буыны мен табаны қалыпқа келу үшін күнде жүгіртеді.

Тазы ит. Алматы, 5 сәуір 2019 жыл.

Тазы ит. Алматы, 5 сәуір 2019 жыл.

​— Бұл тұқымға тән қасиетті анықтау үшін аңға шығу керек, сондықтан міндетті түрде жабайы хайуандарды аулаймыз. Аңшылық кезінде иттердің қайсысын асыл тұқым алуға пайдалануға болатыны көрінеді. Негізінен қоян, түлкі не қарсаққа саламыз. Алматы маңында жануарлар аз болғандықтан, бұл едәуір қиын жұмыс. Баяғыда аңшылыққа шығар алдында иттердің ішін тазалау үшін май не қамыр қосылған жүн беріпті, ол асқазанға жиналған улы заттарды алып шығады. Қазір іштің құртын (гельминттер) түсіретін дәрі беріп жүрміз, – дейді Естай Туғанбай.

Тазы тұқымдас иттер үйірсек, сабырлы, төзімді болуы керек, жылдам жүгіре алады, өте батыл, тіпті қасқырды тоқтатуға әзір.

— Тазы қасқыр алады дегенді естігендер иттің жыртқышқа жалғыз шапқан түрін елестетеді. Шын мәнінде, тазының міндеті – қасқырды қамалап, қашырмай ұстап тұру. Ол үшін бірнеше ит қасқырға арт жағынан тап беріп, тілерсегін шайнап тастауға ұмтылады. Бірақ сирек болса да, жалғыз өзі қасқырға шабатын тазылар да кездеседі, – дейді итбегі.

Тазы иттер. Алматы, 5 сәуір 2019 жыл.

Тазы иттер. Алматы, 5 сәуір 2019 жыл.

Естайдың айтуынша, Ақжелке мен Лашын – жоғары санатты тазы. Сыртқы сипаты жағынан да, қабілеті бойынша да асыл тұқымды тазыға тән сипаттарға ие. Қазақы тазы күшігінің бағасы мың долларға дейін барады.

– Өкінішке қарай, тазы халықаралық деңгейде тіркелмеген. Халықаралық көрмеге апарсақ, оны мойындалмаған тұқым деп қабылдайды. Бұл бағытта жұмыс жасалып жатыр, бірақ қиындық көп. Ішкі мәселелер де жетерлік, ең бастысы – метизация (итті басқа тұқыммен көп будандастыру) және Қазақстандағы итбегілердің басы да бірікпейді, – дейді Естай Туғанбай.

ГЕНЕТИКАДАН ПАЙДА БАР МА?

Қазақы ұлттық тұқымды анықтау және тіркеу – «Қансонар» аңшылардың қоғамдық бірлестігі мен аңшылық шаруашылығының жұмысы. Бірлестік қызметкерлерінің айтуынша, төбеттер мен тазыларды сақтап қалу өте қиын, бейнетті жұмыс.

Асыл тұқымды иттер көрмесі. Ақтөбе, 15 маусым 2014 жыл.

Асыл тұқымды иттер көрмесі. Ақтөбе, 15 маусым 2014 жыл.

Ол үшін Қазақстанды шарлап, асыл тұқымды иттерді сұрыптау керек, генетикалық материалды жинақтап, сараптау қажет. Ең үлкен мәселе – қазақы ит тұқымын әлемдік кинологтар қауымдастығы мойындап, халықаралық көрмелерге ресми қатыстыру үшін арнайы стандарттарды бекіту. Бұл шаруа бірнеше жылға созылып кетуі мүмкін.

— Стандартты бекіту үшін кем дегенде мың итті сипаттап жазып, олардан жоқ дегенде үш өсім алу керек, стандартқа жазған нормалар шын мәнінде норма екенін, одан ауытқу патология саналатынын дәлелдеуіміз керек. Оған ондаған жыл кетеді, иттердің толыққанды тұқым беретін репродуктивті жасы екі жастан басталады, оған келесі екі буынды қосыңыз, сонымен он жыл шығады. Оның үстіне, әр шағылысудан соң итті бір жылдай демалтып аламыз, келер жылы ғана қайтадан қосамыз, – дейді алматылық «Қансонар» кинологы Ольга Вишнякова.

Тазы мен төбет көрмесі. (Қыркүйек айы, 2015 жыл)

Кинологтың айтуынша, тұқымды сақтауда генетикалық зерттеу маңызды рөл атқарады, араласып кеткен бөгде тұқымдардан арылтып, селекциялық сұрыптау негізінде таза төбеттер мен тазыларды алуға болады.

— Дене бітімінен бөлек, күш-қуаты да есептеледі. Кинологиялық орталықтан алыста тұратын ит өсірушілер ата-әжелерінің иттерді өмір бойы шағылыстырғанын, оның жылдамдығына ықпал етпегенін айтады. Бірақ қазір метизация кең жайылып барады, біреу тазысына қарап, «әрең қозғалғаны» үшін грейхаундты (ағылшын тазысы) әкеп қосады, ортасынан түсініксіз тұқым алынады, – дейді кинолог.

Тазы иттер. Алматы, 5 сәуір 2019 жыл.

Тазы иттер. Алматы, 5 сәуір 2019 жыл.

Кинологтар тұқымның озық өкілдерінің ДНҚ-сын жинайтын өз генетикалық базаларын жасап жатқанын айтты. Мамандар болашақта бұл иттердің өзара жақындығын анықтап, генетикалық анализ бойынша толық есеп жасайды. Солайша генетика мен сұрыптаудың барлық нормасына сай келетін тазы мен төбеттерді сақтау және өсіру жұмыстары оңайлайды.

ТӨБЕТ: «ЖОЙЫЛУҒА ШАҚ ТҰР»

Қазақстандық кинологтардың айтуынша, төбет (қасқыр алатын қазақы ит) тұқымы жойылуға шақ қалған. Тұқым туралы классикалық сипаттамаға сай келетін иттер саусақпен санарлық.

Итін құшақтап тұрған азамат. Ұзынағаш ауылы, 10 қараша 2014 жыл.

Итін құшақтап тұрған азамат. Ұзынағаш ауылы, 10 қараша 2014 жыл.

«Қансонардың» басты кинологы Инна Назаренконың айтуынша, қазақстандық ғалымдар жиі экспедицияға шығып, аудандардағы төбеттердің жағдайын білуге тырысады.

— Ауылдардан мал бағатын жұмысшы иттерді іздедік. Ең алдымен иттің сыртқы сипатына көңіл бөлеміз. Иттің өзі төбет сияқты, бірақ күшіктері түсініксіз болып шығады. Шамамен 230 итті қарадық, солардың ішінен стандартқа 70-80 пайыз сай келетін он ит те шықпады. Бұл – өте алаңдайтын жайт, – дейді Инна Назаренко.

Төбет – қасқыр алатын ит, ол тәулік бойы отардың қасында жүруі керек.

Кинологтың айтуынша, төбет – отарды күзететін ірі ит, ас-суы мен күтімі дұрыс болуы керек. Ал тазы – аңшы ит, оған қатты күтімнің керегі жоқ. Сондықтан шығыны көп төбетке сұраныс аз, тұқымның жағдайы қиындап барады.

— Төбет – қасқыр алатын ит, ол тәулік бойы отардың қасында жүруі керек, адаммен жақсы байланысқа түсуге тиіс және өте төзімді болуы керек. Төбеттің бойы қойдан биік болмауы керек, сонда отарда ерекше көзге түсіп, қасқырдың нысанасына айналмайды. Тұмсығының ұзындығы өте маңызды (ол қажетті өлшемнен қысқа болса, қой бағып жүрген ит тұншығып қалуы мүмкін). Қар үстінде немесе отармен бірге қой қорада түнеуі үшін жүні қалың болуы керек, – дейді ол.

«Қансонар» кинологтары төбетті іздеу жұмыстарын тоқтатпайтындарын айтады. Көктемде, жайлауға отарды көшірер кезде ғалымдар соңдарынан еріп, төбет іздейді. Тапқан төбеттерді шағылыстырып, тұқым алады, оны генетикалық анализге жібереді, солайша бұрынғы таза тұқымды қайтару жолын қарастырады.

Иттерді төбелестіру. Алматы облысы. Көрнекі сурет.

Иттерді төбелестіру. Алматы облысы. Көрнекі сурет.

— Төбет ұстайтындар иттің қасиетін дұрыс тексермейді. Түзде қасқырға салудың орнына басқа итпен таластырады. Бұл тыйым салынған әдіс, иттің генетикасында жауынгерлік пайда болып, тұқымы бұзылады. Төбет жыртқышты қорқытуы керек, олардың басты міндеті – мал бағуға көмектесу, отар мен қораны күзету, – дейді Ольга Вишнякова.

Тазы мен төбет Қазақстанда ұлттық тұқым деп мойындалған. Кинологтар тұқымды сақтауды тез қолға алып, ұзақ уақытқа созылатын жұмысты төзіммен атқармаса, мыңдаған жылдар бойы қазақ малшыларына серік болған малшы ит пен аңшы иттің тұқымы мүлдем тозып кетеді деп дабыл қағады.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз