Есімдер — Қазақстан жаңалықтары | STAN.KZ

0

Қазақта балаға ат қоярда көп нәрсеге мән береді, себебі адамның есімі тағдырға әсер етеді деп сенеді. Адамның есімі тағдырға қаншалықты әсер етеді? Stan.kz редакциясы сирек кездесетін есім иелерінің оқиғаларымен бөліседі.

«Не мен, не анам өліп кетуі мүмкін еді»

Жанұя Молдабекова, 24 жас: Анам маған жүкті болған кезде бірнеше ауыр ота жасаған. Барлығы 10 ота жасап, аборт жасатпақ болған кезде туғанмын. Бүкіл жүктілік кезеңінде антибиотик қабылдаған, витамин ішуге, өзіне қарауға, жақсы тамақтануға мүлдем мүмкіндігі болмағандықтан анама дәрігерлер мүгедек бала туасың деген.

Толғақ басталып, мен 6,5 айлық кезімде дүниеге келдім. 1 кг, 500 грамм салмақта тудым. Анамның ағасынан дәрігерлер, егер қандай да бір жағдай болса, олар жауапты емес екендігі жөнінде қолхат алған. Бұл жерде анам екеумізге де қауіп төнді, не мен, не анам өліп кетуі мүмкін еді. Осыдан барып, жанымыз аман қалып, отбасымыз сақталғандықтан «Жанұя» деген есімді берген. 

Маған қойылған есім ұнайды және өміріме әсер етті деп ойлаймын. Шынымен де отбасыға жақын жанмын. Есімім осыған әсер еткен болуы керек. Егер артық ақшам болса, әрдайым анама жұмсап, отбасыма бір нәрселер алғым кеп тұрады. Қолым босаған кезде де отбасымен қыдыруға көңілім ауады. 

 

«Артық» болсын деген

Артық Қасымбекова, 61 жас: Дүниеге келуім отбасым үшін қуанышты сәттердің бірі болды. Әкем соғысқа қатысқан кісі, соғыстан қайтып, көп жыл ауруханада жатып емделген, сөйтіп анамыз Орынкүлге үйленген. Әкемнің шешесі көзі тірі болған кез. Дүниеге мен келгенде, үйде үлкен қуаныш болған. Әкемнің нағашы інісі, жиен інілері өте қатты қуанған. Дүниеге қыз келді деп тұңғышы болған соң менің есімімді Артық қойыпты, бізге артық болсын деп, бар тапқан таянғандарын алдыма қойып, білімді болсын, өзгеше болсын деп қалам, дәптерлерін алдыма қойған. Құдайға шүкір, менің артымнан ұл да, қыз да ере бастады. Соның бәрі есіміме байланысты деп ойлаймын.

Әке-шешеме айтар алғысым көп, әкем көп ауырса да, бізді ештеңеден кем қылып өсірген жоқ, бұған есімім де әсер етті деп ойлаймын. 

 

«Мен туған күні Күн шыққан»

Күнтуған Қыдырбай, 19 жас: Есімімді атам қойған, қаңтар айының 11-не дейін күн қатты суық болып, 11 қаңтарда мен туған күні Күн де шыққан екен. Сол үшін есімімді Күнтуған деп қойған екен. Есімінің өмірге әсері ретінде көңіл-күйімнің әрдайым көтеріңкі болатынын айтуға болады. Жанымдағыларға көмектескім келіп тұрады. Ең қызығы, Нұртуған, Айтуған деген есімді адамдармен жолықсам өзіммен ұқсастық табамы. Мінезіміз, реңіміз жағынан ұқсас келіп жатамыз.

 

«Мәңгілік махаббат хикаясы қайта қайталанды»

Қорлан Рысбаева, 25 жас: Маған есімді жәй ғана бермеген. Татар ұлтынан шыққан отбасымызға таныс әйел түсіне аян бергенін айтты. Ол өзі қазақ есімдерін түсініп, біле бермейді. Ол түсінде менің есімімді «Қорлан» деп қою керек екенін көрген, олай қоймаса қиын жағдай орын алатынын атама айтқан. Барлығы оның сөзіне құлақ түріп, маған осы есімді берген. 

Жастайымнан артымнан көп ер-азамат «жүгірді», ешкімге көңілім соқпайтын. 21 жасыма қарай, бір ерді кездестірдім. Алайда белгілі бір себептермен жолымыз екіге айырылды. Соның өзінде ойымнан шықпай қойды. Ол да мені ұмыта алмай жүргенін түсіндім. Ол үйленіп кетті. Әлі күнге дейін бір-бірімізді ұмытпағанымызды, сүйетінімізді білемін. Бірақ мен үшін өмір бойы қол жетпес болып кететініне қатты қынжыламын. «Қорлан мен Естай» мәңгілік махаббат хикаясы қайта қайталанғандай. Менің есімім осы кейіпкерге байланысты деп ойлаймын. Көпшілігі есімнің не мағына білдіретінін білмей жататыны өкінішті. 

Бастапқыда мені «Айя» деп атамақшы болған, бірақ түс көріп, оны аян деп есептеген соң Қорлан деген есім берген. Оның мағынасы — «жәннатың сұлуы» дегенді білдіреді. Есімім өзіме өте ұнайды, өзгертпейтін едім.

 

«Менің есіміммен бір қала бар»

Нұр-Сұлтан Молжанұлы, 18 жас: Есімім дәл біздің астанамыздың атауы сияқты жазылады, дыбысталады. Әкем президентіміздей биік белестерге жетсін деп қойған. Жазылуы кішкене қиындақтар келтіреді, әсіресе сабақ, құжаттар толтыру кезінде. Жақындарым бұл есімді ауыр болады деп шешіп, еркелетіп, қысқартып айтады. Негізінен алғанда Нұр-Сұлтан қаласына осылай атау бергенде қатты таңғалдым және бір үлкен қаланың атауы бар екені өте қызық, мақтан тұтатындай. 

Бұл есімге «ғашық» болып қалдым

Иман, 3 жаста: Биыл төрт жасқа толатын бүлдіршіннің есімі туралы анасы Жанар Жансейіт былай деп түсіндіреді: Иманға жүкті болмай тұрып, 7 жыл бұрын Иман есімді әншінің бар екенін білдім. Бірден құлағыма жылы тиіп, бұл есімге «ғашық» болып қалдым десем де болады. Содан үлкен ұлдарымыздың соңынан қарындастары дүниеге келсе, есімін Иман деп қоямын деп ырымдадым. Иман дүниеге келмес бұрын, бір жыл бұрын, қызмет бабымен қасиетті Мекке-Мәдинаға жол түсіп, басымыз сәждеге тигенде, қасиетті Қағбаны айналып жүріп, Алладан отбасымызға қыз бала беруін тіледім. Көп ұзамастан, Иманға жүкті болдым. Әрине, УЗИ-ден қыз бала болатынын білгенде қуанышымыз шексіз болды. Ең қызығы, перзентханаға бара жатқанда, үйіміздің қасындағы мешіт жұма намазына халықты жинап, азан шақырып жатты. Сөйтіп мұсылмандар үшін қасиетті жұма күнінде дүниеге келген қызымыздың есімін Иман қойдық. Әрине, ата-аналарымыз, туысқандарымыз қатты таңғалды, мүмкін Имана деп қоярсың, «ол не есім?!», «ұлдың аты емес пе?!» деген сауалдар болды. Қазір бәрінің құлағы үйренген, өзіне есімі әдемі жарасады. Естіген жұрт, әрине, аздап таңғалады. Иман — интернационалды есім, бұл жәйт те қуантады. Қызымыз атына заты сай, иманды, ақылды, жүрегі кең, ғұмырлы азаматша болады деп үміттенеміз. 

Айта кетсек, Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың құрметіне туған бауыры Қалдыбек Құрманәлі ұлының есімін Бекзатсаттархан деп қойған. Ол бүгінде ҚазҰУ Журналистика факульетінің студенті. Есімін көбі ауыр деп бағаласа да, өзіне қатты ұнайтынын және онымен мақтанатынын айтады.

 

stan.kz