Асқар Мәминнің 5 премьердің алдындағы 2 өтірігі

1
8500
Фото: Aqmola News

5 ақпанда Алматыда «Digital Almaty 2021» халықаралық форумы өтті.

Қазақстандағы цифрландыруға бөлінген миллиардтаған қаражаттың есебін бергендей болған ел премьері Асқар Мамин баяндама жасады.

«Айқын шектеулерге қарамастан, біз цифрлық инфрақұрылымның қолжетімділігі мен сапасын арттыру жұмысын жеделдеттік. 2020 жылы 20 мың талшықты-оптикалық байланыс желісінің құрылысы бойынша МЖӘ жобасы аяқталды. 1 000-нан астам мобильді байланыстың базалық станциясы орнатылды, бұл өңірлердегі технологиялық теңсіздік деңгейін айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде Қазақстан халқын интернетпен қамту бүгінде 99% құрайды», – деді А.Мамин.

А.Мамин 5 мемлекеттің үкіметбасыларының алдында, бүкіл ел алдында екі өтірік айтты.

Оның бірі Қазақстан халқының 99% интернетпен қамтылды деген сөзі болса, екіншісі пандемя кезінде әлеуметтік көмек қаражатты мемлекеттік мекемелерге бармай-ақ 6,5 млн адам қашықтан алды деген ақпараты болды.

Ел халқының 99% интернетпен қамтылғаны жайлы ақпаратты «Азаттық рухы» порталы жан-жақты жазды.

Енді біз, Асқар Мамин айтқан 6,5 млн адам туралы ақпаратты зерттеп көрейік.

Тамыз айының 12-сі күні Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі 2,3 миллион қазақстандық 42 500 теңге төлем алды деп хабарлады. Олар сонымен бірге: «2 миллион 308 мың қазақстандыққа 42 500 тг төлем төленді, оның ішінде 2 миллион 290 мың адам карантиннің ұзартылуына байланысты 21 250 теңге көлемінде қосымша төлем алды», – деді.

Қазақстандықтар төлемге бірнеше тәсілмен жүгінді деді министрлік:

  • 835,5 мың адам төлемді проактивті форматта белгілеуге келісті;
  • Egov.kz порталы мен Telegram боттары арқылы 651 мың адам өтініш білдірді;
  • 390,4 мың адам – ​​42500.enbek.kz порталы арқылы;
  • 654,7 мың адам – ​​екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары мен интернет-ресурстары арқылы.

Ал, «Капитал» басылымы жасаған мына тізімде тіпті премьер-министр айтқан 6,5 млн көрінбейді.

Сонымен бірге, 27 қаңтар күні Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі карантин уақытында болған шаралар 2021 жылы да жалғасатынын айтып, өткен жылға есеп берді.

«Өткен жылы IV тоқсанда 119,7 мың отбасындағы 614,3 мыңнан астам азаматқа атаулы әлеуметтік көмек беру жүйесі автоматты түрде тағайындалды. Бұл тәжірибе 2021 жылдың 1 тоқсанында барлық атаулы әлеуметтік көмек алушыларға қолданылды», – делінген ресми хабарламада.

Министрлік өкілдері аталмыш шаралар барысында вирустық инфекцияның таралу қаупін азайтуды көздейді.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, өткен жылы Қазақстан бойынша 184,7 мың отбасындағы 936,2 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған болатын. Осы мақсатта бюджеттен 75,3 миллиард теңге бөлінді. Заңға сәйкес, атаулы әлеуметтік көмек отбасының әрбір мүшесіне жан басына шаққандағы орташа табысы өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 %-нен төмен азаматтарға тағайындалады.

Мейіржан Әуелханұлы, KzNews.kz