Армения СІМ Қарағандыдағы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады

0

Армения сыртқы істер министрлігі Қазақстанның Қарағанды қаласында болған оқиғаға байланысты мәлімдеме жасады. Армения сыртқы істер министрінің орынбасары Шаварш Кочарянның айтуынша, ресми Ереван мен Астана жағдайға орай байланыс ұстап отыр.

«Екі тарап бұл тек тұрмыстық жанжал деп ойлайды. Бұл оқиғаға ұлтаралық қақтығыс сипатын беруге болмайды. Қазақстан тарапы жағдайды бақылауда ұстауға, ұлтаралық қақтығыстың туындамауына кепілдік берді. Жұмыстар жасалып жатыр. Арменияның Қазақстандағы елшілігі жергілікті армяндармен байланысып отыр» деді Шаварш Кочарян.

Армения сыртқы істер министрінің орынбасары «бұл нәзік мәселеде арандатушылыққа жол бермеу керектігін» айтты.

Оқи отырыңыз: Шеруге шыққандар биліктен қылмыскерді табуды талап етті

Жаңа жыл түні Қарағандыдағы мейрамханалардың бірінде төбелес болып, бір адам қаза тауып, төрт адам жарақаттанған. Барлығы жеті адам ұсталған. Тағы бір адам Нарек Гурурянға халықаралық іздеу жарияланған.

6 қаңтарда Қарағандыда жүздеген адам «қылмыскерді» табуды талап еткен. Қарағанды облысы әкімі Ерлан Қошанов іздеу жұмыстары жүріп жатқанын айтқан.

Қарағандыда жиналғандар. 6 қаңтар 2019 жыл.

Дереккөз: Азаттық