Абзал Құспан: Бірнеше отбасының шаңырағын шайқалтқан әйелді сот төрайымы қылдыңыздар

0
1060

Танымал адвокат Абзал Құспан өзінің қорғауындағы Н. есімді азаматтың оқиғасын бөлісті. Осы оқиғаның басты кейіпкерлерінің бірі елдегі танымал Қызылорда облысы, Арал аудандық сотының төрағасы – Кәмшат Садуақасова болды. Ол оқиғаны баяндап қана қоймай, бүгінгі судьяларды лауазымды қызметке тағайындамас бұрын адамгершілігіне де мән беру қажеттігін ескертті.

«Кеше Қызылорда әуежайына түсе сала, Жоғарғы сот төрағасы Ж.Қ.Асановтың атына мәлімдеме жасадым ғой. Енді соның мән-жайына тоқтала кетейін:
Қолданыстағы «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 29-бабына сәйкес,

Аудандық соттың судьясы болып:

1) отыз жасқа толған;
2) жоғары заң бiлiмi, жоғары моральдық-адамгершілік қасиеттері, мiнсiз беделі және заңгерлік кәсібі бойынша кемiнде бес жыл жұмыс өтілі бар ҚР азаматы бола алатыны бекітілген.

Яғни, мен өз жазбаларымда кейіпкеріміздің жеке басына емес, жоғарыда көрсеткен Конституциялық Заңның талаптарына сәйкес, судья деген мәртебелі лауазым иесінің қоғам алдындағы портретіне назар аударатын боламын.

Біздің кейіпкер, қазіргі таңда Қызылорда облысы, Арал аудандық сотының төрағасы – Кәмшат Садуақасова. Әрине, Қызылорда облыстық соты өздері кеше ғана тағайындатқан, (Президент жарлығына кім қалай ұсынатынын айтып, уақыт жойып жатпайын) су жаңа аудан төрағасына шаң жуытпасы түсінікті.

Сондықтан, мен бұрынғы сот орындаушысы Кәмшаттың қалай, қайтіп, қандай жолмен Қызылорда қалалық сотының судьясы, кейін аудандық соттың төрағасы болғанына тоқталып кетемін. Сол арқылы Кәмшаттың жоғары моральдық-адамгершілік қасиеттері мен мiнсiз беделіне бәріміз көз жеткізейік?!

Ең бірінші, біздің кейіпкеріміз судьялық лауазымға қол жеткізбей тұрып, мүмкін сот орындаушысы, мүмкін Қазпошта АҚ-да заңгерлік қызмет атқарып жүрген кезінде, жергілікті бір азаматпен тұрмыс құрады, одан ұлды болады. Кәмшаттың өмірінің ол тұсы бізге қажет емес, портреті толық қалыптасу үшін ғана тілге тиек етіп отырмын. Бір ғана деталь – күйеуі құқық қорғау органдары, оның ішінде жол полициясында қызмет атқарғаны.

2012 жылы сот орындаушысы Кәмшат сол отбасымен ажырасып, қазіргі таңда менің қорғауымдағы «Н» есімді азаматпен тұрмыс құрады. Әрине, әркімнің жеке өмірі, махаббат дерсіз оған дауымыз жоқ. Бірақ менің қорғауымдағы «Н» -ның айтуынша, Кәмшат оған тек қана дүние үшін шыққанын ол кеш түсінген. Ол өзінің үш баласымен (екі ұл, бір қыз) әйелін қоя беріп, Кәмшатқа үйленген кезде, қаладағы күркіреп тұрған бір мекеменің басшысы болғанын, Кәмшатты тура мағынасында үлде мен бүлдеге орағанын, оның судья болуынада өзі тікелей араласқанын (бұл жерін тексеру үшін арнайы органдарға арыз жолданды, нәтижесі бойынша қосымша жазыла жатар) айтады.

Міне осы некеден 2013 жылы «А» есімді бүлдіршін қыз бала дүниеге келеді.
2015 жылы «Н» -ның айтуынша оның мекемесінде проблемалар басталады, облысқа жаңадан келген басшы, «Н» басқарып отырған мекемені жауып, орнына басқа мекеме ашады, ол жерге «Н» емес, басқа біреу отырады, кез-келген мекемені жабу үшін аудиторлық тексерулер басталады, ұзын-сөздің қысқасы «Н» -ның басынан бағы тая бастайды. Сол кезде енді судья Кәмшат «сенің проблемаларың менің жұмысыма кедергі келтіруі мүмкін, сол себепті қағаз жүзінде ажыраса тұрайық» – деген ұсыныс тастайды.

Ойында ештеңе жоқ «Н» келіседі, өзі ана мекемесінің қағаз шаруаларымен шапқылап жүреді.

Бірақ арада, екі жыл уақыт өткенде, яғни 2017 жылы екеуіне шын мәнінде ажырасуға тура келеді. Себеп – судья Кәмшаттың облысқа танымал, өте белгілі кәсіпкермен көңіл жарастырып жүргені белгілі болып қалады. Ол кәсіпкердің өз отбасы, бес баласы бар…
Әрине, махаббат дерсіз, жеке өмірі дерсіз дауымыз жоқ, егер…» – дейді Абзал Құспан.

Жазбаны «жалғасы бар» деп аяқтаған адвокат оны кез келген БАҚ құралына сұрамай көшіріп басуға рұқсат екенін жеткізді. Осы орайда ол Бас сот төрағасын елдегі судьялардың жеке бас адамгершілігіне де назар аударуға шақырды.

«Құрметті Жақып Қажманұлы! Жоғарғы Сот төрағасы ретінде өзіңіздің “кіші Отаныңыз” – Қызылорданың сот жүйесіне назар аударатын, тәртіп орнататын уақыт болды деп ойламайсыз ба?! Шиелі ауданындағы ана жағдай халықаралық аренада талқыланса не болмақ? Қазақстан деген елде әйелдің, жоғары білімді заңгер, судья басымен, басқа еркек судья тарапынан сексуалдық мәжбүрлеу құрбаны болуы – деген Батыс ақпарат құралдарына таптырмас тақырып қой?!

Ал енді жеке басы бір емес, бірнеше отбасының шаңырағын шайқап жүрген, онымен шектелмей, ҚР атынан өз пайдасына шешімдер шығартатын әйел судьялар туралы айтсам не дейсіз? Оның бірін күні кеше ғана Арал аудандық сотының төрайымы қылдыңыздар.

Пафос демеңіз, бірақ, қара халыққа ат үстінен билік айтатын осындай әулекі би-соттардан арылатын уақыт жетті деп ойлаймын!» деп жазды ол.

1$, 5$, 10$ ... Тәуелсіз KzNews жобасына қолдау көрсету