Бекболат Тілеухан жаңа қызметке жайғасты

0

Мәжіліс қабырғасынан кеткен экс-депутат Бекболат Тілеухан Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның ұлы Біләл Ердоған басқаратын ұйымда жауапты қызмет атқармақ, деп хабарлайды kznews.kz сайты ulysmedia.kz порталына сілтеме жасап.

Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының штаб-пәтері Түркияның Ыстанбұл қаласында орналасқан. Түркия президентінің ұлы – Біләл Ердоған басқаратын бұл ұйымға Қазақстан 2019 жылы алғашқы толыққанды мүше ретінде қабылданған. Ұйымға әлемнің көптеген этноспорт федерациялары мүше болып отыр.

Бекболат Тілеухан былтырдан бері конфедерацияның Орталық Азия комитетіне жетекшілік етіп келеді.

Осыдан біраз бұрын Бекболат Тілеухан Біләл Ердоғанмен түскен фотосуретін жариялаған болатын.

Айта кетерлігі, жоспар бойынша 2022 жылы IV Көшпенділер ойындары Түркияның Бурса қаласында өтуі тиіс.

Осыдан екі жыл бұрын Алматы қаласында Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының ІІ Халықаралық форумы өткен болатын. Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының президенті Неджметтин Біләл Ердоған сол жиынға арнайы келген еді.