Тағы бір «МузАрт» тобы мүшесінің басы дауға қалды
Жуырда Жамбыл облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен «Тараз және түркі өркениеті» атты конференция өткен болатын. Әйгілі «МузАрт» тобының экс-продюцері Ерлан Жүнісбай басшылық ететін басқарма аталған конференцияға арнайы Алматыдан ат терлетіп 2 млн теңгеге микрофон алдырған екен. Бұл туралы әулеиеаталық белсенді әрі ақын Азамат Есалы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. kznews.kz сайты ақынның жазбасын қаз-қалпында ұсынады. Егер басқарма тарапынан қарсы уәж болса, оны да жариялауға әзірміз.
«Хош бол екі миллион!
Алматыдан Халықаралық конференция үшін екі миллион теңге төлеп жалға алған екі микрофонның әңгімесі әлеуметтік желіде қызу талқылауға түсіп жатыр. Айналайындар-ау, ақшаны оңды-солды шаша берген болмайды ғой. Басқарма басшысы Ерлан Жүнісбай мырза облыстың мәдениетін көтеруге емес облыстың ақшасын шашу үшін келді ме екен?
Бұл іске Садырбаевтың да қатысы бар сияқты. Себебі ондай микрофондар облыстық халық шығармашылығы орталығында шашылып жатқан жоқ па?
Бар нәрсені “жоқ” деп Жүнісбайұлын жексұрын қылып жатқан сияқты. Қалай болғанда да конференцияға қатысқандар Алматыдан микрофон алдырмасаңдар іс-шараларыңа қатыспаймыз деп қиғылық салған жоқ шығар. Бұл Садырбаевтың ойыны болуы әбден мүмкін. Әлде пандемия кезінде іс-шаралар өтпей қарыны ашқан басшылар бюджет ақшасына қол салып жіберді ме екен? Екі миллионға екі микрофонды екі күнге жалға алу деген миға қонымсыз нәрсе ғой!
Кезінде мәдениетке басшы болам деп барынан айырылған Қадірсізұлы қалай болғанда да осы орынтақты армандап жүр. Ол орынды Садырбаев сатып болса да алғысы келеді. Дәл қазір Ғани брат жалғыз қалып барады. Бұрынғы Бықыбев көкесі бір бұрышта отыр. Оны Жүнісбайұлы жүре тыңдайды. Ал тағы бір сенген адамы Лесбек Амалов болса енді бір айдан кейін бейнетінің зейнетін көруге кетеді. Демек Лесбек ағасы да демеу бола алмайды. Сегіз жыл бойы бір орынтақта отырған Қадірсізұлы қызметінің өскенін қалайды. Ол сол үшін де басқармаға баруды қалайды. Жалпы біздің облыстың мәдениетіне қарасты мекемелерге басшы болғандар ұзағынан отырады. Мысалы Түктібаев көкем облыстық филармонияны отыз жыл басқарды. Отыз жыл отыру оңай шаруа ма? Екі жүз адамды шуылдатпай басқару екінің бірінің қолынан келмейді. Мүмкін емес нәрсені мүмкін қылу Түктібаевтың ғана қолынан келеді екен. Менің Сейтқасым жәкеме Жүнісбайұлының шамасы жетеді дегенге мен түгілі қарақұрым халық та сенбейді. Аман болса енді екі жылда Сейтқасым жәкем де зейнетке кетіп Автобусын айдап, ресторанын да тойын тойлап отырады. Тәңірден тілегені де сол шығар.
Бәрі құрысын Ерлан Нұғманұлы екі миллионның есебін беріп жіберсе өзі үшін де өзге үшін де дұрыс болар еді», – дейді Азамат Есалы.
Айтпақшы бұған дейін бюджеттің қаржысын талан-таражға салуға байланысты «МузАрт» тобының әншісі Сәкен Майғазиевтің де басы дауға қалған болатын. Осы даудан кейін әнші Шымкент қалалық мәдениет үйінің басшылығынан кетуге мәжбүр болған еді. Ал Алматыдан 2 млн теңгеге дауыс зорайтқыш жалдап алған Ерлан Жүнісбайдың жағдайы не болар екен?
- Серғали Асланбек