Павлодар қаласының соты түрлі банктерден 6,3 млн теңге несие алған әйелді банкрот деп танып, оның қарызын есептен шығарды, деп хабарлайды kznews.kz.
Аталған қаражатты ол 2019 жылы той өткізу үшін рәсімдеген. Бастапқы кезеңде несиесін уақытында өтеп жүргенімен, кейін берешегі 6 344 644 теңгеге дейін ұлғайған.
Әйелдің тұрақты табыс көзі болмаған әрі оның асырауында екі кәмелетке толмаған бала бар екені ескерілді. Осыған байланысты сот қарыз көлемінің заңда белгіленген шектен асқанын және бір жылдан астам уақыт төленбегенін назарға алып, оны кешіру туралы шешім шығарды.
Айта кетейік, Қазақстанда ресми табысы жоқ, қарызы 4,9 млн теңгеден асатын азаматтар немесе айлық кірісі 36 018 теңгеден төмен тұлғалар сотқа жүгініп, банкроттық рәсімін қолдана алады.