Қытай Оспан батырдың ұрпақтарын негізсіз айыппен ұстап отыр – Өркен Оспан

1
962

7 наурыз күні Алматыдағы Salut қонақ үйінің конференция залында Қытайда негізсіз айыппен қамауда отырған қандастар баспасөз жиынын өткізді.

Пресс-конференциясына зиялық қауым өкілдері, тарихшылар, ЖОО оқытушылары және қоғамдық белсенділер мен ҚХР түрмесінде жазықсыз қамауда отырған қазақтардың туыстары қатысты.

«Бұл азаматтар еш кінәсіз қамауда отыр деп есептейміз. Себебі бұл азаматтардың ішінде Нұрлан Нәбиұлы – менің туған ағам, Оспан батырдың туған немересі. Нағыз Мұхамедұлы болса, Оспан батырдың әкесі Сляммен бірге туысатын кісінің баласы, үшіншісі – Толқын Соғысайұлы Оспан батырмен рулас-аталас кісінің балалары. Үшеуі де жоғары білімді азаматтар. Ұсталған уақытқа дейін Алтайдың Көктоғай ауданында түрлі салада қызмет істеген», – дейді баспасөз конференциясын ұйымдастырушы Өркен Оспан.

«Оларға Қытайдың қос тілді оқуына қарсы шықты, Қазақстан тәуелсіздігі мерекесін тойлады, ұлттық бөлшектеуші, Оспан батырды үгіттеген, елді Қазақстанға көшуге үгіттеген деген сияқты жалған, негізсіз айыптар тағылып отыр» дейді Өркен Оспан.

Шараға қатысқан жазушы Смағұл Елубай Қытай елі мемлекеттік деңгейде террор жасап отыр, ондағы қазақтарды басып-жәншуін қылмысқа теңеді.

Азаматтық белсенді,  оппозия өкілі Жасарал Қуанышәлин қазақтарға араша түсу жағынан біздің билікті айыптап, олардың да ҚХР билігінен еш айырмасы жоқ екенін жеткізді.

Оспан батырдың Қазақстандағы ұрпақтары мемлекет басшысы Тоқаевтан, СІМ, халықаралық адам құқықтары ұйымдарынан, Еуропарламенттен Қытай геноцидіне қарсы шара қабылдап, туысқандарының босауына ықпал етуін сұрады.

Естеріңізге сала кетейік, бірнеше күннен бері бір топ ана мен бала өз туыстары мен отбасы мүшелерін босатуды  талап етіп,  Алматыдағы  Қытай консулдығы  алдында наразылық шараларын да өткізген болатын.

Мейіржан Әуелханұлы, KzNews.kz