Әлеуметтік желіде жаназа шығарған молдаға 40 мың теңге берген отбасы арада бірнеше ай өткен соң одан тағы да мал сұратылғанын айтып, шағымданды. Бұл жағдай дін қызметкерлеріне көрсетілетін құрмет пен діни рәсімдерге байланысты шығын мәселесін қайта көтерді,
деп хабарлайды kznews.kz.
Оқиға туралы Threads желісіндегі esenkazy_aaa парақшасы жазған. Автордың сөзінше, үш ай бұрын 95 жастағы әжесін жерлеп, жаназа шығарған молдаға 40 мың теңге берген.
Алайда кейін туыстарына молданың «Апа, сонда ана дүниеге жаяу кете ме?» деген сөзі жеткен. Автор мұны тағы да мал беру керек деген ишара деп қабылдаған. Нәтижесінде молданың үйіне бір тайынша апарылған.
Бұл жазба желіде қызу пікірталас туғызды. Кейбір қолданушылар молданың әрекетін сынап, мұндай жағдайды дінді табыс көзіне айналдыру деп бағалады.
«Аңқау елге, арамза молда», «Өлуге де ақша керек болып қалды ма?» деген пікірлер жазылды.
Талқылауға қатысқан тағы бір азамат әжесі қайтыс болғанда молдаға 60-70 мың теңге көлемінде ақша бергенін айтып, өз тәжірибесімен бөлісті.
Ал кейбір желі қолданушылары жаназа мен басқа да діни рәсімдердің өз шығыны барын айтып, бір жағдайға қарап барлық дін қызметкерін кінәлауға болмайтынын ескертті.