ҚазҰУ жариялаған 11 млрд теңгенің тендері тоқтатылды

0

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жариялаған кампус аумағына 10,9 млрд теңге қаржыға қызмет көрсету жөніндегі даулы мемлекеттік сатып алу хабарландыруы белгіленген мерзімде іске аспады, уақытша тоқтатылған болуы ықтимал.

7 қазанда Алматы қаласы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті камералды бақылау кезінде анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берген. Хабарландыруда «уәкілетті органдардың шешіміне сай» конкурсты болдырмау туралы көрсетілген. Ақпаратқа қарағанда, департаменттің камералды бақылау бөлімінің бас маманы Жампоз Букенов байқауды ұйымдастырушының құжаттамаға біліктілік талаптары мен шарттарын белгілеу кезінде мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы бұзғанын анықтаған. Атап айтқанда, «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға сәйкес, сатып алуды ұйымдастырушы конкурс құжаттамасын қазақ және орыс тілдерінде әзірлейді.

«Сатып алуды зерттеу арқылы техникалық ерекшелікте орналастырылған ақпарат тек орыс тілінде ғана әзірленгені анықталды, бұл ретте мемлекеттік тілде ақпарат жоқ», – делінген хабарламада.

Сатып алынатын қызметтер мен тауарлар мүгедектер қауымдастығының тізбесімен бекітілген. «Алайда ұйымдастырушы хабарландыруда сатып алу тек қана республика мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктері мен сол ҚБ құрған ұйымдар арасында өткізілетіні көрсетілмеген», – делінген құжатта. Анықталған бұзушылықтарды түзету туралы ескертуді ЖОО 10 жұмыс күні ішінде орындауға тиіс. Олай болмаған жағдайда мемлекеттік аудит уәкілетті органға қарсылық жібере алады.

44 нысанға түрлі бағытта кешенді қызмет көрсетуге арналған қомақты тендер қоғам назарын аударып, оған бір топ оқытушы-профессор наразылық танытқан. Олар ұлттық университеттің бұл әрекетін «қаржы жымқыру пиғылынан туған айла» деп атаған.

The Qazaq Times