Мәскеу Қазақстанның солтүстік бөлігін тартып алуды ойлап отыр – Eurasia Review

0
5314

«Қазақ ұлтшылдығы» – Ресей пропагандасы ойлап тапқан тақырып па? Ауғанстанда «Талибан» жеңісінен соң державалар Орталық Азия үшін таласты бастады ма? 

kznews.kz ақпараттық агенттігі Азаттық радиосының шет елдік баспасөзге шолуын ұсынады.

«ҚАЗАҚ ҰЛТШЫЛДЫҒЫ АРҚЫЛЫ ҮРЕЙ ШАҚЫРУ»

«Қазақстан: Ресеймен көрші бөлудің ауыртпалығы». Осындай тақырыппен Eurasia Review жариялаған сараптамада Мәскеудің «қазақ ұлтшылдығын үрей шақыру мақсатында пайдаланып отырғаны» және «күштінің әлсізге кінә артқыш келетіні» туралы айтылады. Мұндағы күшті – Ресей, әлсіз дегені – Қазақстан.

Автор Ақас Тәжуітовтың айтуынша, Орталық Азия елдері Ауғанстанда билікті тәліптер басып алғанына алаңдап отырған тұста «Ресей «Первый канал», «Россия 24», «НТВ» сияқты мемлекеттік және Кремльмен тығыз байланысы бар пропаганда құралдарын пайдаланып, Қазақстанның ұлт құру саясатына қатысты ақпараттық соққылар сериясын жасады». Соның кесірінен Қазақстан «екі оттың ортасында қалғандай» «қиын жағдайға тап болды».

«Ондаған жыл ішінде Қазақстан алғаш рет Ресей ақпарат құралдарының кең ауқымды әрі қарқынды ақпараттық шабуылының нысанасына айналды. Екі елдің отыз жылға жуық қарым-қатынасында бұрын-соңды ешқашан мұндай болған емес. Елдің ең басты мемлекеттік телеарнасы, ең ықпалды ақпарат құралы саналатын, әрі көп ресейліктің басты ақпарат көзі делінетін «Первый канал» мен «Россия 24″ бұрын ешқашан Қазақстандағы қоғамдық-саяси жағдайды және Қазақстан билігінің саясатын бұлайша жүйелі әрі мақсатты түрде сынаған емес» дейді сарапшы.

Оның айтуынша, ақпарат құралдарының «шабуылын» Ресей үкіметінде шетелдегі орыстарға көмектесу үшін құрылған агенттік (Россотрудничество) басшысы Евгений Примаковтың 10 тамыздағы телеграм-арнасындағы жазбасы бастап берген. Ол «қазақ ұлтшылдарының әрекетін сынамай отыр» деп Қазақстан басшылығына айып таққан. Іле-шала телеарналарда осы сарындағы мәлімдеме жиілеп кетті.

Автордың айтуынша, бұл ақпараттық соғыс Ресейдің «ойлағанындай жүрді», яғни «күшті әлсізге кінә артып», дегенін орындатып жатыр.

Мәскеудің бұл саясатын автор «Ресейдің тірі қалуы Орталық Азиядан төнетін қауіптің бетін қайтара білуіне байланысты» деген көзқараспен ұштастырады.

«Ауғанстанда болып жатқан өзгерістер постсоветтік Орталық Азияны (Үлкен) Таяу Шығыс құрамына итермелеу процесіне түрткі болуы мүмкін екенін жақсы түсінеді» деген автор алда болуы мүмкін деген екі сценарийдің екеуі де Ресейдің қолайына жақпайды деген болжам айтады. Бірінші сценарий бойынша, Ауғанстандағы тұрақсыздық постсоветтік Орталық Азияға жайылуы ықтимал. Екінші сценарийге сәйкес, Орталық Азия Ауғанстан, Пәкістан, Үндістан сияқты елдермен экономикалық қарым-қатынасты күшейтіп, араға құбыр мен жол салуы мүмкін. Соның арқасында аймақ Оңтүстік Азия мен Батыс Еуропа арасындағы көпірге айналып, Ресей бұл интеграциядан тыс қалады.

«Әрине, Мәскеуді толғандыратын жайт бар. Өзінің артқы ауласы санайтын Орталық Азия жаңа кезеңге көшіп жатыр. Аймақтың өзге төрт елін бақылауында ұстап отыруы үшін қажет плацдарм санайтын Қазақстанның өзі өңірдегі басқа елдердің қай-қайсымен салыстырғанда Батыспен анағұрлым тығыз байланыста. Елге салынатын тікелей инвестицияның үштен екісі Еуроодақ пен АҚШ үлесінде. Мәскеуге Орталық Азия алыбын орбитасында ұстап тұру қиындап барады» деп жазады автор.

«Осының барлығын ескерсек, Мәскеу Орта Азияны орбитасында ұстап тұруды емес, алдымен Қазақстанның солтүстік бөлігін тартып алып, Ресейді аймақтан оқшаулауды ойлап отырғандай. Бәрі осылай көрінеді. Әйтпесе неге Ресей ақпарат құралдары Қазақстандағы антиресейшіл ұлтшылдар туралы ақпараттық өртті тұтандырып, республикада 1986 жылғы оқиғалардан кейінгі сияқты ахуал қалыптастырады?» деп сауал тастайды Eurasia Review.