Димаштың енді сүйкімі кетіп қалмай ма? (Видео)

0
16366

Бірнеше күннен бері Қазақ қоғамы «Сбер», «Егов» деп қызу пікірталасқа түсіп жатқаны аян. Келісімге сай Ресейлік “Сбер” елімізде ескірген Egov-тың орнына мемлекеттік қызмет көрсететін жаңа платформа әзірлейді.  Қыркүйектің басында “Сбер” компаниясы тобының төрағасы Герман Грефпен жүздескен Мәмин Қазақстанның цифрлық саясаты транформацияға мұқтаж деп мәлімдеп, бұл істі ресейлік компанияға тапсырғанды білдіретін меморандумға қол қойған. Былайша айтқанда, бұдай былай бүтін бір мемлекеттің ақпараттық жүйесін  ресейлік “Сбер” сүзгіден өткізетін болады. 

 Осы мәселеге байланысты қазақстандықтар өре түрегеліп, қарсылығын әлеуметтік желіде тоқтамай білдіріп жатыр. Сонымен қатар меморандумға қол қойғаны үшін А.Мәминнің үстінен азаматтық қоғам өкілдері сотқа шағым да түсірді. Қазақстан азаматының жеке деректерін өзге мемлекет тарапынан басқарылуы кімді де болса ойлантатыны хақ. «Сбер» компаниясы ресейлік екені мәлім. Демек, біздің жеке деректеріміз алдағы уақытта Ресейдің басқаруына өтеді деген сөз емес пе?

Осылайша қазақ қоғамы ашу-ызасының ернеуінен асқалы отырғанда, Facebook-та «Сберге «еговты» бермеу туралы халық шулап жатқанда, жезтаңдай әншіміз Димаш Құдайберген «Сбербанктің» амбассадоры болғаны қалай?» деген жазба жарқ ете қалды. Өкінішке қарай, бұл жазба көп өтпей-ақ өшірілді. Өз тарапымыздан іздестіріп, қарастырып көрсек, расымен де әлем таныған, әлемге Қазақстанды танытқан әншіміз Димаш ресейлік Сбербанктің амбассадоры екен. Амбассадор деген кім? Амбассадор деген – белгілі бір ұйымның бетке ұстаған жарнама адамы. Яғни, Сбербанк дегенде, елдің есіне ең алдымен Димаш келеді деген ұғымды білдіреді.

Қазақ қоғамы «Сберден» ат-тонын ала қашып, қарсылық көрсетіп жатқанын ескерсек, Қазақстанның бетке ұстар әншісі, халықтың сүйікті баласының сол «Сбердің» бетке ұстар амбассадоры болуы қисынды ма? Қалай ойлайсыз?

Еркін ЖАНАРБЕКОВ,   PR маманы: «Меніңше, бір нәрсені есте сақтауымыз керек. Димаш бұған дейін, яғни «Сбер дауына» дейін Сбербанктің амбассадоры еді. Сбербанктің жарнамасын жасау кезінде Димаштың әлдебір саяси тапсырыс алмағанына сенімдімін. Алайда, елімізде «Сбер дауы» туындаған соң, ендігі жерде Димаш Сбербанкпен жұмыс істеуін тоқтатуы да мүмкін деп ойлаймын. Десек те, бұл жерде ең бірінші шешім жасау да, таңдау жасау да Димаштың өз қолында дер едім»,- дейді.

 

Майра ӘБІЛДА, Димаштың тыңдарманы: «Жұрт қарсы болып жатқан дүниені сүйікті Димаш әншім жарнамалап жатқанын естіп, ішім жиырылып қалғаны рас. Тұтас Қазақ елі қарсы болып жатқан «Сберді» Димаштың жарнамалауы жақсы деп айта алмаймын, әрине»,- дейді.

Сақыпбек ЕРБОЛАТҰЛЫ, мұғалім: «Сбер» мәселесін шешуде Димаштың жарнамасы анау айтқандай үлкен әсерін тигізе қояды деп ойламаймын. «Сбер дауы» саяси тактика ғой кәдімгі. Бұл мәселені қоздатып, туындатып отырғандар да жоғарыдағы саяси шенеуніктер. Олай болса, «Димаш – Сбербанкті жарнамалады» деп бүйректен сирақ шығарудың қажеті қанша?»,-деді.

Ал, сіз не дейсіз, құрметті оқырман? Димаштың «Сберге» жарнама жасауын қолдайсыз ба?

Асыл БАЛАБИ, Kznews.kz ақпараттық порталы.