Ақтөбедегі шошқа фермасының иесі: Үкімет ферманы қазір жап десе, жауып тастаймын
Армениядан Қазақстанға ұшып келе алмай отырған Ақтөбедегі атышулы шошқа фермасының иесі Гайк Тертерян үкіметтің айтқанын орындауға әзір екенін айтты. Сондай-ақ, санитарлық талаптар сақталмады дегенге күдікпен қарайтынын жасырмады, деп хабарлайды KzNews ақпарат агенттігі.
Кәсіпкердің айтуынша, Қазақстанға келіп, халықпен бетпе-бет сөйлесе алмауына әуе қатынасының жоқтығы себеп. Ол тұрғындар жабылуын талап етіп отырған ферманың заманауи техникамен жабдықталғанын, әр жыл сайын Алға ауданының бюджетіне миллиондап салық құятынын алға тартты. Десе де халық пен үкіметтің талабы бір жерден шығып жатса, еш қарсы еместігін мәлім етті.
«Егер үкімет ферманы қазір «жап» десе, жауып тастаймын. Бірақ ол жылдам шешілетін шаруа емес. Бұған уақыт керек. Өйткені екі жыл несие төлеуге міндеттіміз. Сусыз, жемсіз қалдырып, қырып таста десе, індет тарауы мүмкін. Ол да денсаулығымыз үшін қауіпті», — деді «Парижская коммуна» ЖШС құрылтайшысы Гайк Тертерян.
Естеріңізге сала кетсек, жергілікті тұрғындар фермаға қатысты наразылығын әлеуметтік желі арқылы білдірген-ді. Көпшілік онда санитарлық талаптардың сақталмағанына наразы. Осының салдарынан жағымсыз иіс тарайды.